Ақтөбеліктердің 579 миллион теңгесін алдап алған бақсы әйел сот залынан үйіне кетті

0
122

​Ол сотта адамдардың өз еркімен несие алып бергенін айтып, айыбын мойындамаған.


Ақтөбеліктердің 579 миллион теңгесін алдап алған бақсы әйел сот залынан үйіне кетті

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

ERNUR.KZ. Ақтөбеде жүздан аса адамның жарты миллиард теңгесін қалтасына басқан емші бостандыққа шығып кетті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Тәуіп Сұлушаш Қазбаеваға Ақтөбе қаласының №2 соты ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2- тармағымен «алаяқтық бабы» бойынша үкім шығарды.

Қазбаева өзіне ем алуға келгендерге әр түрлі сылтау айтып, несие алдыртқан. Қарапайым халықты мешіт саламын деп алдаған. Сонымен қатар жас баласының ауырып қалғанын, оны шетелге апарып емдету үшін ақша керегін, өзінің медициналық мекеме ашып, жеке кәсібін дамытуға қаражатының жетпей жатқандығын сылтауратқан. Емделушілердің сеніміне кіріп, олардан алған ақшаны керек дүниесіне жұмсаған. Ай сайынғы қарызды басқа тұлғалардың атына жаңа несиелер рәсімдеу арқылы төлеп отырған.

Осылайша ол 136 адамға 579 миллион теңге кредит алдыртқан. Сұлушаш Қазбаева сотта өз кінәсін мойындамады.

Прокурор соттан емшіге 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын және жәбірленушілерге келтірілген жалпы 579 млн теңге материалдық шығынды өндіруді сұраған.

Сот Сұлушаш Қазбаеваны ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2 - тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады. Бірақ оның кәмелетке толмаған баласы болуына байланысты судья үкімнің орындалуын 2 жылға кейінге қалдырды. Егер ол осы екі жыл ішінде заң бұзбаса, түрмеге отырмайды.

Жәбірленушілердің талап арыздары ішінара қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, өткен қаңтарда ақтөбеліктер Сұлушаш Қазбаеваға гипноздап, қарызға батырды деп шулаған соң, бақсы әйел ұсталған болатын.