Актриса Ғазиза Әбдінәбиева дүниеден өтті

0
2 220

Ғазиза Әбдінәбиева 1948 жылы 3 желтоқсанда Қызылорда облысында дүниеге келген.


Актриса Ғазиза Әбдінәбиева дүниеден өтті

фото: ғаламтордағы ашықдереккөзден

Қазақ театр және кино өнерінің майталманы, актриса, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдінабиева өмірден өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл қаралы хабарды Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Азамат Сатыбалды жазды.

«Қазақ өнері бүгін ауыр қазаға душар болды. Ауезов театрының актрисасы Қ.Р. Еңбек сіңірген әртісі, парасат және құрмет ордендерінің иегері Ғазиза Әбдінабиева өмірден өтті. Соңғы рет телефон соғып жылы сөздерін айтып, біраз сырласып едік. Әрдәйым ақылын айтып жүретін асыл апамыз еді. Қайтеміз енді. Өмір жалған деген осы. Қайғыра көңіл айтамын.»,- деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында.

Ғазиза Әбдінәбиева 1948 жылы 3 желтоқсанда Қызылорда облысы, Сырдара ауданы, Тартоғай ауылында дүниеге келген. Кеңестік, қазақстандық кино және театр актрисасы. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі.

1970 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының актерлік факультетін бітірді.

1968-1993 жылдары - Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы болды.

1993 жылдары Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы болып қызмет етті.

2005 жылдан Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі.

Ғазиза Әбдінәбиева 1970 жылдан бастап театрландырылған қойылымдарға үнемі қатысып, көрермендер есінде әртүрлі кейіпкерлер рөлімен қалды.

Актриса қазақстандық телекөрермендерге ең алғаш отандық «Тоғысқан тағдырлар» телесериалы арқылы танылды.