Бүгін жарыссөзде прокурор Александр Пакты 10 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.
Фото: Еламан Тұрысбеков\Kazinform
ERNUR.KZ. Әл-Фараби даңғылында болған жол апаты байланысты сотта жарыссөз өтті, деп жазады inform.kz.
— Мен кінәні басқа біреуге ысырып тастауға тырыспаймын. Күн сайын менің кесірімнен адамдардың қаза тапқанын біліп, соның салдарымен өмір сүріп келемін. Бұл — мен үшін жүруге ең ауыр нәрсе. Менің кесірімнен талай адамның өмірі талқандалды. Жәбірленушілер балаларынан айырылды. Менің де отбасым зардап шекті. Мен тергеу мен сот талқылауынан ешқашан жалтарған емеспін. Соттан мені ақтауды сұрамаймын. Тек заңды шешім шығаруды өтінемін. Мен бұған дейін ешқашан қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанмын және мұндай жағдай туындайды деп ойламадым. Қаза тапқандардың ата-аналарынан тағы да кешірім сұраймын, — деп мәлімдеді айыпталушы.
Сондай-ақ ол 20 жасынан бастап жұмыс істеп, бәріне өз күшімен жеткен қарапайым жігіт екенін айтты.
— Мен миллионерлердің ұлы емеспін, саяси шенеуніктермен байланысым немесе таныстарым жоқ. Көрген күнім де, тапқан табысым да — адал еңбегімнің жемісі. Болашақтағы жалғыз мақсатым — жапа шеккен отбасылар үшін дос болып, көмек көрсету, — деді сотталушы.
Сотталушының адвокаты соттан заңды шешім қабылдауды сұрады, алайда жол апаты кезінде жүргізушінің алкогольдік мас күйде болмағанын алға тартып, айыптау бабын өзгертуді талап етті. Судья үкімді жариялау үшін кеңесу бөлмесіне кетті.
Еске салайық, бүгін жарыссөзде прокурор Александр Пакты 10 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.
2026 жылғы 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі Әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Іс бойынша сот отырысында жәбірленушілер Александр Пакке кешірім берді.
Сондай-ақ Әл-Фарабиде даңғылында болған жол апатының бейнежазбасы сотта көрсетілді.
Бірнеше куәгер сотта жаңа деректермен бөлісті.


