Елорда әкімі Алтай Көлгінов қала мектептерінің аздығы әрі оның қалай шешіліп жатқанын жеткізді.
ERNUR.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов қала мектептерінің аздығы әрі оның қалай шешіліп жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Елорда Инфо.
«Қала тұрғындарының артуына байланысты білім мекемелерінің санын да арттыру мәселесі өте өзекті болып отыр. Бірақ біз уақыт талабына сай болуымыз керек. Мәселен, 2008 жылы елордалықтар саны 605 мың болса, бүгінде бұл көрсеткіш екі есеге жуық артып, тұрғындар саны 1 млн 100 мың адамға жетті. Тиісінше мектеп, балабақша, денсаулық сақтау секілді әлеуметтік инфрақұрылымдарға айтарлықтай әсер етіп отыр. Осыдан 10 жыл бұрын бас қалада 73 мектеп пен 75 мың оқушы болса, қазіргі уақытта 108 мектеп 185 мың оқушы бар. Сондықтан біз қаланы дамыту үшін кешенді жоспар бойынша алдағы 5 жыл ішінде 40 білім беру нысанын әзірлейміз. Әрине, оның бәрі бюджет есебінен ғана емес, жеке инвесторларды да тарту есебінен салуды көздеп отырмыз», - деді әкім.
Ол сөз арасында инвесторларға ерекше жағдай жасалып отырғанын жеткізді. Айтуынша, инвестициялық кеңесте 11 мектептің құрылысына қолдау көрсетіліпті. Осыдан кейін тағы 2-3 инвестор өз қаржысына мектеп салуға ниет білдірген. Егер бұл жүзеге асса 12 мың орынды қамтамасыз етпек. Бұл шамамен 30 млрд теңгені құрайды. Қала басшысы қазіргі уақытта қала мектептерінде 17 мың орын жетпей жатқанын жеткізді.