Әлемдік алыптар Väderstad, Lindsay және Dewulf Қазақстан нарығына кіруде: 7 атақты бренд елде өндіріс бастайды

0
105

Жобаларды іске асыру Қостанайдағы Локализация орталығының өндірістік қуаттары негізінде жүргізіледі.


Әлемдік алыптар Väderstad, Lindsay және Dewulf Қазақстан нарығына кіруде: 7 атақты бренд елде өндіріс бастайды

Сурет: primeminister.kz

ERNUR.KZ. Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші өнеркәсіптік хаб ретіндегі позициясын нығайтып келеді, деп жазады zakon.kz.
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың қатысуымен ауқымды келісімге қол қойылды: Еуропа, Канада және Солтүстік Америкадан келген жеті ірі технологиялық компания Қостанайдағы AGROMASH зауыты базасында ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін локализациялайды.
Қазақстандық машина жасаушылардың жаңа серіктестері ретінде сала көшбасшылары – Väderstad, Dewulf, Lindsay Corporation, Amity Technology, Vervaet, Kuhn Group және Brandt Agricultural Products аталды.
Жобаларды іске асыру Қостанайдағы Локализация орталығының өндірістік қуаттары негізінде жүргізіледі.
Көпжақты келісім AGROMASH зауыты және Eurasia Group AG серіктестерін, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігін, сондай-ақ "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингін біріктірді.
Өз сөзінде ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов аграрлық сектордың өсіп келе жатқан қажеттіліктері ауыл шаруашылығы техникасы үшін тұрақты әрі болжамды өткізу нарығын қалыптастырып отырғанын атап өтті. Бүгінде ел алқаптарында 130 мыңнан астам трактор, шамамен 30 мың комбайн және 200 мыңнан аса тіркемелі әрі аспалы техника пайдаланылады.
Бұл ретте өткен жылдың қорытындысы бойынша техника паркін жаңарту деңгейі 6,5%-ды құрады. Негізгі мақсат – бұл көрсеткішті жыл сайын 10%-ға жеткізу.
Осы мақсатқа жету үшін мемлекет тарапынан жүйелі қолдау шаралары жүзеге асырылуда: техника сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30%-ына дейін субсидиялау, несиелер мен лизинг бойынша жүктемені азайту, сондай-ақ отандық өндірістегі техника үшін 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру ұсынылады.
"Қазақстан Республикасының Президенті Касым-Жомарт Токаев ауыл шаруашылығы саласының дамуына және оның технологиялық әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Өндіріс көлемінің артуы, өнімділіктің өсуі және экспорттық жеткізілімдердің кеңеюі аграршылардың техникалық жарақтануына қойылатын талаптарды күшейтуде. Сондықтан техниканы жаңарту, оның қолжетімділігін қамтамасыз ету және отандық өндірушілерді ынталандыру саланың әрі қарай дамуының негізгі шарттары ретінде қарастырылады. Қазақстанның жетекші шетелдік өндірушілермен серіктестігі тұрақты әрі өзара тиімді сипатқа ие және ұзақ мерзімді кооперацияға бағытталған. Үкімет жаңа өндірістерді құру үшін жағдай жасауға дайын, жобаларды барлық кезеңде – локализациядан бастап сыртқы нарықтарға шығуға дейін сүйемелдейді", – деді Олжас Бектенов.
John Deere брендімен табысты серіктестік жаңа инвесторлардың келуіне серпін берді. Нарық қатысушыларының пікірінше, жеті ірі компанияның өндірісін Локализация орталығы базасында орналастыру бірегей машина жасау кластерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
"Мемлекет басшысы мен Үкіметтің жүйелі өнеркәсіптік саясаты сенімді негіз қалыптастырды. Алдымен нарық көшбасшысы John Deere Қазақстанға келді, бұл өзге халықаралық компаниялар үшін маңызды түрткі болды. Бүгінде оның ізімен басқа да жаһандық брендтер қарқынды түрде келуде. Біз жаңа технологияларды игеріп, озық стандарттарды енгізіп, техникалық мамандарымыздың біліктілігін арттырып жатырмыз және фермерлерді Қазақстанда өндірілген жоғары технологиялық техникамен қамтамасыз етуге дайынбыз", – деді AGROMASH зауытының президенті Динара Шукіжанова.

Eurasia Group AG мен AGROMASH арасындағы ынтымақтастық тек өндірісті дамытуға ғана емес, сонымен қатар әлемдік инновацияларды қазақстандық фермерлер үшін қолжетімді етуге бағытталған.

"Нарық өзгеруде: John Deere-ден кейін Қазақстанға тағы жеті атақты брендтер келіп жатыр. Біздің мақсатымыз – ауыл шаруашылығындағы озық шешімдердің интеграторы ретінде фермерлерді толық технологиялық тізбекпен қамтамасыз ету. Өндірісті ел ішінде локализациялау жеткізу мерзімдерін қысқартып, аграрлық қызметкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын толық пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде әлемдік үздік технологияларды әрбір шаруашылық үшін қолжетімді етеді", – деп атап өтті Eurasia Group AG операциялық директоры Сергей Глокке.

Қол қойылған келісімдер Қазақстандағы машина жасау саласының дамуында жаңа кезеңнің басталуына жол ашып, еліміздің жаһандық өнеркәсіп картасындағы орнын одан әрі нығайтады.