Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық бере отырып, жаңа инвестициялық циклді іске қосуды тапсырған болатын.
ERNUR.KZ. Қазіргі таңда Алматыдағы Индустриялық аймақ пен «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында (АЭА) орналасуға инвесторлар тарапынан сұраныс қолда бар ұсыныстан асып отыр. Бұл туралы ОҚҚ көшпелі баспасөз конференциясында қала әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, Алматы Индустриялық аймағын 634 гектарға кеңейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар «ИТП» АЭА қызметін қайта қарау, оның аумағын кеңейту және жеңілдіктердің қолданылу мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту көзделген.
2026–2028 жылдар аралығында Алматыда жалпы сомасы 2,3 трлн теңгені құрайтын 165 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Бұл шаралар әлеуметтік-экономикалық дамуға қуатты серпін береді. Қабылданған шешімдердің нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 2030 жылға қарай 40%-ға өсіп, 7 млрд АҚШ долларына жетеді.
Қаланың заманауи көлік қаңқасын қалыптастыру – негізгі басымдықтардың бірі. Әкімдікте Алматы қаласының бюджеті есебінен радиалды жолдардың жалғастырмаларын және көлік айрықтарын Алматы облысының аумағында салу туралы шешім қабылданды. Дархан Сатыбалдының айтуынша, бұл ҮАААЖ-бен көліктік интеграцияны жеделдетіп, агломерацияның байланыстылығын арттыруға мүмкіндік береді.
«Алдағы 2 жыл ішінде көшелерді жалғастыру, 2 жолайырығын және 2 көпірді қайта жаңғырту бойынша 14 ірі жоба жүзеге асырылады. Бұл көше-жол желісінің өткізу қабілетін айтарлықтай арттырады. Сондай-ақ Ақжар, Рахат-Мәдениет, Боралдай және Теректі шағын аудандарында жалпы ұзындығы 100 шақырымнан асатын, сондай-ақ Алматының тау бөктері бөлігінде 31 шақырым жолды қамтитын көше-жол желісін дамыту жұмыстары аяқталады», – деп атап өтті спикер.
Қаладағы жолдардың 95%-ын жақсы жағдайда ұстау көрсеткішін сақтау үшін жыл сайын кемінде 250 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.
Әкімнің хабарлауынша, 2026 жылы «Қалқаман» жаңа метро станциясын пайдалануға беру көзделген. 3 жыл ішінде бірінші желінің үшінші кезегі – Қалқаманнан «Барлық» базарына дейінгі учаске іске қосылады. Сонымен қатар метроның екінші және үшінші желілері жобаланып, БРТ-ның жылдам бағыттарын дамыту жалғасады. Бұл жобаларды іске асыру 2030 жылға қарай қоғамдық көліктің тәуліктік жолаушылар ағынын 1,6 млн-нан 3 млн сапарға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Дархан Сатыбалды қаладағы қоғамдық көлікті дамыту жайына да тоқталды.
«3 жаңа автобус паркінің құрылысы басталды, сондай-ақ қолданыстағы парктерде газ және электр қуатымен зарядтау станциялары ашылады. Автобус жүргізушілерінің қауіпсіздігі мен демалысы үшін 20 тұрақ-айналу алаңы салынады. 3 көлік-ауысым торабын құру жоспарлануда, бұл ыңғайлы ауысу орындарын қамтамасыз етіп, қаланы қала маңымен байланыстырады. Электросамокаттар мен велосипедтер үшін қосымша 55 шақырым веложол, 1 мыңнан астам тұрақ орны жабдықталады», – деп хабарлады әкім.
Кеңістіктік теңгерімсіздікті жою мақсатында қалалық полиорталықтар құру басталды. Әрбір полиорталық тұрғындар үшін дербес тартылыс нүктесіне айналып, сенімді инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
«Жобаның негізінде қалалық белсенділіктің жаңа орталықтарын құру идеясы жатыр. Полиорталықтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуге халықаралық сарапшылар тартылды. Басым бағыт ретінде «Шығыс қақпасы» және «Батыс» полиорталықтарын құру белгіленді. Бұл аумақтарда тақырыптық ойын-сауық паркі, Алматы су каналы, Almaty AI Park, EXPO Center, жаңа стадион және өзге де нысандарды орналастыру жоспарланған. Аталған жобаларды іске асыру кеңістіктік дамуды теңдестіруге, тарихи орталыққа түсетін жүктемені азайтуға және барлық ауданда қалалық ортаның сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деп толықтырды Д. Сатыбалды.
Сонымен қатар қаланың жоғарғы бөлігінде көпқабатты тұрғын үй құрылысына енгізілген мораторийді ескере отырып, қаланың Бас жоспарына түзетулер әзірленеді.


