Криптовалютамен жүргізілетін операцияларды сот-сараптамалық зерттеу сапасы артты

0
98

Қазіргі таңда қоғам, технология және қылмыс түрлері жылдам өзгеріп жатыр.


Криптовалютамен жүргізілетін операцияларды сот-сараптамалық зерттеу сапасы артты

ERNUR.KZ. Сол себепті сот сараптамасының рөлі артып келеді. Оның әдістері де заманға сай дамуы қажет. Мамандар үнемі білімін жетілдіріп, жаңа ғылыми жетістіктерді қолдану керек. Осы орайда еліміздің Сот сараптамалары орталығында жаңа технологиялар, цифрлық құралдар және автоматтандырылған жүйелер енгізіліп жатыр. Бұл зерттеулердің сапасы мен дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді. ҚР ӘМ Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.

Ол өз сөзінде цифрлық активтер мен қаржылық ағындарды зерттеу әдістемесіне тоқталып өтті.

«ҚР Бас прокуратурасының тапсырмасын орындау мақсатында және цифрлық активтердің айналымына байланысты қылмыстық істер санының белсенді өсуіне байланысты 2025 жылы өте қысқа мерзім ішінде криптовалюталармен жүргізілетін операцияларды сот-сараптамалық зерттеу әдістемесі әзірленді. Аталған әдістеме апробациядан өткізіліп, Ғылыми-әдістемелік кеңесте қаралып, кейін ҚР ӘМ Сот сараптамалары орталығының Ғылыми кеңесінде бекітілді», – деді спикер.

Оны әзірлеу қажеттілігі еліміздегі цифрлық активтерге байланысты қылмыстарды тергеу тәжірибесінің енді ғана қалыптасып келе жатқанымен, криптоактивтер айналымын, нақты табысты және қаржылық нәтижені айқындаудың бірыңғай ғылыми негізделген тәсілдері бұрын іс жүзінде болмағанымен байланысты болды.

Аталған әдістеме ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі және бейінді сот сарапшыларымен бірлесіп дайындалған еліміздегі алғашқы жүйелі практикалық әзірлемелердің бірі болды. Құжат криптовалюталық транзакцияларды, цифрлық активтер мен ақша қаражатының қозғалысын талдаудың бірыңғай алгоритмін қалыптастырып, операциялар тізбегін қадағалау, цифрлық іздерді сәйкестендіру және нақты қаржылық нәтижені анықтау тетіктерін қамтыды.

Әдістеме криптовалюталық алаяқтықтар, қаржы пирамидалары, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру және киберқылмыстар бойынша істерді тергеу барысында қолданылады. Сонымен қатар ол цифрлық активтер мен қаржылық ағындардың қозғалысын бақылауға, транзакциялар арасындағы жасырын байланыстарды анықтауға және нақты қаржылық нәтижені белгілеуге мүмкіндік береді.