Қазақ ұлттық медицина университеті мен Қарағанды мемлекеттік медицина университетін 100 пайызы мемлекеттің қатысуы бар акционерлік емес қоғамдарға қайта құру бойынша жұмыс жүргізілуде
ERNUR.KZ. Қазақстанда университеттік ауруханалар құрылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту туралы баяндаған ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біржанов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Университеттік ауруханаларды құру бойынша 3 мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы жұмыс істеуде. Біріншісі Алматы қаласындағы университеттік аурухана бойынша концессиялық ұсынысқа экономикалық сараптаманың оң қорытындысы алынды, конкурстық құжаттама жобасы әзірленуде. Қазіргі уақытта жобаның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін Еуропа қайта құру және даму банкінің халықаралық консультанттары тартылды», - деді ол.
Министрдің айтуынша, Қарағанды қаласындағы университеттік аурухана бойынша Азия даму банкімен бірлесіп құжаттама әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 78-қадамын іске асыру мақсатында жоғары оқу орындарын, оның ішінде Қазақ ұлттық медицина университеті мен Қарағанды мемлекеттік медицина университетін 100 пайызы мемлекеттің қатысуы бар акционерлік емес қоғамдарға қайта құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Осыған байланысты, қазіргі уақытта Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен және Азия даму банкімен жобаларды іске асырудың институционалдық схемасы, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына түзетулер енгізу арқылы пысықталуда», - деді Е.Біртанов.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақ ұлттық медицина университетінің жанынан 1 265 төсектік біріктірілген университеттік аурухананы құру жобасы бойынша Ұлттық экономика министрлігінің инвестициялық ұсынысқа экономикалық қорытынды берілген. 18 қыркүйекте ҚР Үкіметі мен халықаралық қаржы ұйымдарының арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімдерді іске асыру жөніндегі Үйлестіру кеңесі жобаны IFC-мен бірлесіп іске асыруды мақұлдады.
«Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі мен IFC арасындағы келісімді жасау бойынша жұмыс жүргізілуде», - деді министр.
Айта кетейік, қазіргі кезде денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесі 3 республикалық және 258 жергілікті маңызды жобадан тұрады. Оның ішінде 68 жоба бойынша шарт жасалып, 193 жоба дайындалуда. Жобалар дәрігерлік амбулаторияларды, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пунктерді, емханаларды, стационарларды салуды және оны пайдалануға беруді, медициналық техникамен жарақтандыруды көздейді.