Алматы облысында бозбала мүгедек адамды пышақтап өлтірді деген күдікке ілінді

0
447

Марқұмның артында кәмелетке толмаған бес баласы қалды.


Алматы облысында бозбала мүгедек адамды пышақтап өлтірді деген күдікке ілінді

Алматы облысында 18 жастағы бозбала 40-қа таяған еркекті пышақтап өлтірген. Марқұмның туыстары оны ақшаға бола өлтіргенін айтып отыр. Өйткені Нұрсұлтан Нүсіпхан ұлының сүндет тойына қаражат жинап жүрген екен. Енді артында бес бірдей баласы әкесіз қалып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Мал бағуға кетіп оралмаған 39 жастағы Нұрсұлтан Нүсіпханның жүрек тұсына екі рет пышақ сұғылған. Марқұмның туыстары айдың-күннің аманында Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ ауылының бұзақысының қолынан қаза болды дейді. Олардың айтуынша, ол осы уақытқа дейін ақша бопсалап, тыныштық бермей келген. Ал қайғылы оқиға болған күні, яғни 11 маусымда Нұрсұлтанның шотында қомақты қаражат жатқанын байқап қойыпты.

«Каспи қосымшасындағы ақшасын алып кетіпті. Балама той жасаймын, пұл жиып жүрмін деген еді. Ана балалар біресе қарыз, біресе тағы бірдеңе сұрайды екен. Бірге жүрген балалар ғой деп, ештеңе ойламадық. Сөйтіп жүрсек, ақшасы жоқ, телефоны жоқ болып, өлігі табылды», - дейді Марқұмның анасы Жақыпбек Күлияқызы.

Күдікті 2004 жылғы бозбала. Ал марқұм туғаннан екінші топ мүгедегі, бір аяғы мен қолы істемейді. Ел-жұрттың малын бағып, отбасын асырап отырған. Оның артында кәмелетке толмаған бес баласы қалды.

«Оның бауырлары, ауылдың халқы біледі, кімнің кім екенін, солар айтты, ҰҚК, прокурор дей ме, сондай екен. Бұл жерде кімнің құқығы тапталып жатыр? Қылмыскердің құқығы ма? Жоқ, әлде мына шиеттей қалған жетімдердің құқығы ма? Әкем қайда десе, қайдан тауып беремін?», - дейді Ағасы Бекмұрат Нүсіпхан.

Қазір күдікті қамауда отыр. Адам өлтіру бабымен іс қозғалған.

«Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 1-бөлігі бойынша аудандық полицияда тіркелді. Жедел іздестірілу іс-шарасы барысында ізін суытпай, 2004 жылғы күдіктіні анықтап ұстады. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалып, барлық тергеу шарасы жүргізіліп жатыр. Ұсталған адам аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлады Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.

Бүгін Нұрсұлтанның жаназасы өтті. Туыстары тергеудің әділ жүріп, болмашы ақшаға бола бес баланы жартылай жетім қалдырған күдіктінің қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр.