Алматы облысында әйел жүріп келе жатқан көліктен секіріп кетті

0
696

​Алматы облыстық полиция департаментінің басшылығы осы істі жеке бақылауға алғаны хабарланып отыр.


Алматы облысында әйел жүріп келе жатқан көліктен секіріп кетті

ERNUR.KZ. Алматы облысында такси жүргізушісі әйелді зорлап тастай жаздады. Жәбірленуші жүріп келе жатқан көлікпен секіріп кетті. "Не молчи" қоры 34 жастағы әйелдің әңгімесін жариялады. Оған сәйкес, бұл оқиға Алматы облысында болған, деп жазады sputniknews.kz.

Жәбірленуші Қарғалы ауылында тұрады. Жұмысқа таксимен барып жүреді. Жол-жөнекей Шамалған ауылына соғып, құрбысын ала кетеді. Осы жолы да тура солай істеген.

26 тамызда таңғы сағат 6:20-да әдеттегідей такси ұстаймын деп, жолға шыққан. Бұрын қоғамдық көлік жүретін. Қазір оны алып тастаған. Содан бәрі таксимен қатынайды.

"Он минуттан кейін күрең қызыл Мерседес тоқтады. "Шамалған ба?" деп сұрап едім, "Иә!" деді. Алдыңғы жағында мемлекеттік нөмір жоқ екенін байқап қалдым. Мен артына отырдым. Көлікте басқа ешкім болған жоқ", - дейді жәбір көрген әйел.

Такси жүргізушісі Қарғалыдан шыққаннан кейін қатты жылдамдықпен жүре бастаған. Ал біршама уақыттан кейін кенеттен басқа жаққа бұрылып кеткен. Салонда отырған әйел қорқып, жүргізуші қайда бұрылып кеткенін сұрады. Бірақ ер адам жауап берген жоқ. Жолаушы айқайлап, көлікті тоқтатуды талап етті. Сонда да нәтиже шықпады.

"Мен көп ойланбай, көліктің есігін ашып, секіріп кеттім. Домалап құладым, аяқ-қолым қан болды. Ол көлікті тоқтатып, маған қарай жүгірді. Мен болсам, қаша жөнелдім. Ол жетіп алды да, артымнан ұстап, көлікке қарай сүйрей бастады. Мен сытылып шықтым да, тағы қаштым. Алайда ол мені қайтадан ұстап алды. Сөйтіп, көлікке кіргізіп алды да, зорлауға тырысты", - деп атап көрсетті ол.

Такси жүргізушісі бұрылып кеткен жерде адам көп жүрмейтін. Қаскүнем құтқаруға ешкім келмейтінін және арам ойын бәрібір іске асыратынын қайта-қайта айтты. Әйелді өлтіремін деп қорқытты. Бір кезде телефон шырылдай бастады. Жәбірленуші алдыңғы екі орындықтың арасымен өтіп, қоңырау шалып тұрған әріптесіне геолокация жіберіп үлгерді. Сосын көліктің жанынан өтіп бара жатқан ер адамды көрді. Есікті ашып, көмекке шақыра бастады. Бірақ ол кісі ары қарай өтіп кетті.

"Бір уақытта ол кілт тоқтап, киіміңді ки деді. Мен дірілдеп-қалшылдап, шалбарымды киіп алдым. Ол басқа киімдерімді далаға лақтырды да, мені итеріп шығарып жіберді. Өзі тайып тұрды. Көліктің артқы нөмірі де болмапты. Ол қашқан жақта атқа мінген ер адам көрінді. Жанында тағы бір кісі болды. Сөйтсе, жаңағы ер адам көмекке тағы бір кісіні алып келе жатқан. Таксист соны көрді де, қашып кетті", - дейді жәбірленуші.

Алматы облыстық полиция департаменті зорлауға оқталу фактісін растады. 26 тамызда белгісіз біреу Бекболат аулының шетінде 34 жастағы әйелді зорлауға тырысқан. Қазіргі кезде қылмыстық кодекстің 120 бабы 1-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі ("Зорлауға оқталу") және 126-бабы ("Бас бостандығынан заңсыз айыру") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.

"Шұғыл іздестіру кезінде 26 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Ол өз кінәсін мойындады. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі кезде уақытша ұстау изоляторына тоғытылып отыр. Сот-медициналық сараптамалар тағайындалды", - дейді полицейлер.

Алматы облыстық полиция департаментінің басшылығы осы істі жеке бақылауға алып отыр.