Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
фото: Sputnik / Владислав Воднев
ERNUR.KZ. Алматы облысында "Альби" ломбардтар желісінің қызметі тоқтатылды, деп жазады sputnik.kz.
Тергеу мәліметінше, бұған дейін "Альби-Ломбард" ЖШС микроқаржылық қызмет көрсететін ұйымдардың тізілімінен шығарылып, ломбард қызметін жүргізу құқығынан айырылған.
Алайда компания атауын "Альби-КМ" ЖШС деп өзгерткеннен кейін де Алматы және Түркістан облыстарында зергерлік бұйымдарды кепілге алып, қарыз беруді жалғастырған.
"Ломбардтар негізінен базарлар мен сауда үйлерінің маңында орналасқан. Клиенттерді тарту үшін кепілге қойылған мүлікті жоғары бағалайтынын және қарыз алудың несие тарихына әсер етпейтінін айтып, жарнама таратқан", - деп жазылған хабарламада.
Агенттіктің мәліметінше, қарыздар күніне 2% өсіммен берілген. Бұл заңда белгіленген 0,3% шекті мөлшерлемеден алты есе жоғары.
Қарыз шарттары бұрынғы "Альби-Ломбард" ЖШС-нің мөрі басылған кепіл билеттері арқылы рәсімделген. Ақшалай есеп айырысу қолма-қол ақшамен және күдіктілердің бақылауындағы жеке кәсіпкерлердің банк шоттары арқылы жүргізілген.
Қылмыстық жолмен алынған табыс 146 млн теңгеден асқан. Күдікті әйелге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Соттың рұқсатымен оның 21 пәтеріне, 5 жер теліміне, 7 автокөлігіне, 7 гаражына, 2 дүкені мен қонақүйіне бұғау салынған.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.


