Алматы облысында өгей әкесін пышақтап, қашып кеткен жігіт ұсталды

0
679

Бірге ішкен ішімдіктің соңы қайғылы жағдайға әкеп соққан.


Алматы облысында өгей әкесін пышақтап, қашып кеткен жігіт ұсталды

ERNUR.KZ. Алматы облысында полицейлер өгей әкесін өлтірмек болған ер адамды ұстады, деп жазады ҚазАқпарат.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өгей әке мен бала арасындағы түсініспеушілік бұған дейін де болған. Ал бірге ішкен ішімдіктің соңы қайғылы жағдайға әкеп соққан. Алматы облысы Талғар ауданының полицейлері адам өлтіруге оқталу дерегін ізін суытпай ашты. Іске қатысы бар деген күдікпен 29 жастағы жас жігіт ұсталды. Ол масаң күйде өгей әкесіне пышақ ала жүгірген.


«Бірге ішімдік ішкеннен кейін жігіт өгей әкесіне пышақпен дене жарақатын салған. Бұл қылмыстық әрекет 21 шілдеге қараған түні сағат 01.30-да Талғар ауданының Гүлдала ауылында болған. Полицияға оқиға болған үйдегі айғай-шуға алаңдаған көршілері хабарласқан», - дейді Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Қасым. Тергеу барысында бірқатар жәйт анықталды.


Сол түні екеуі үй ауласында бірге ішімдік ішіп, содан кейін арада жанжал болған. М. есімді азамат қолына пышақ алып, алдымен қарсыласының мойын тұсына жарақат салған. Содан кейін қаша жөнелген өгей әкесінің арқасына тағы да бірнеше мәрте соққы жасап үлгерген.


«54 жастағы К. есімді азаматты дәрігерлер пышақ жарақатымен жақын маңдағы ауруханаға жатқызды. Ал, күдікті жедел бой тасалауға тырысқан. Алайда, ол жазадан жалтарып кете алмады. Бір тәулік ішінде тәжірибелі із кесушілер күдіктіні тауып, ұстады. Қазір күдікті жігіт қамауға алынған», - дейді полковник.


Аталған қылмыс ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігіне сәйкес қылмысқа оқталу ретінде сараланды. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.