Алматы облысында төрт қызды қағып кеткен мас жүргізушінің жазасы қатаңдайды

0
1 540

Енді ол жетіден 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Алматы облысында төрт қызды қағып кеткен мас жүргізушінің жазасы қатаңдайды

ERNUR.KZ. 2 наурызда Алматы облысында мас жүргізуші жол шетінде тұрған төрт қызды қағып кеткен. Комаға түскен екінші қыз қайтыс болды. Осы жағдайдан кейін мас жүргізушінің жазасы өзгертілді. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп жазады Tengrinews.kz.

Ведомство мәліметіне сүйенсек, бұған дейін іске қатысты ҚР ҚК-ның 345-1-бабы 2-бөлігі ("Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге алып келген іс-әрекет") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Алайда екі қыз қайтыс болғаннан кейін бап қайта өзгертілді.

"Бірінші қыз қайтыс болғанда іс ҚР ҚК-ның 345-1-бабы 3-бөлігі ("Абайсызда адам өліміне алып келген іс-әрекет") бойынша сараланған болатын. Енді зардап шеккен екінші қыз қайтыс болғаннан кейін күдіктіге қатысты іс ҚР ҚК-ның 345-1-бабы 4-бөлігіне ("Абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген іс-әрекет") өзгертілді.
Енді құқық бұзушыға белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы беріледі", - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі өкілдері.

Қазір көлік жүргізушісі уақытша тергеу изоляторында қамауда отыр.

Айта кетейік, 2 наурызда Алматы облысында мас жүргізуші жол шетінде тұрған төрт қызды қағып, оқиға орынан қашып кеткен болатын. Жасөспірімдердің екеуі комаға түскен еді.

14 наурызда зардап жеккен тоғыз жастағы науқастың жүрегі тоқтағаны хабарланған.

4 сәуірде мас жүргізуші қағып кеткен екінші қыз қайтыс болған.