Инвестициялардың ұлғаюымен қатар көрші елдермен ынтымақтастық та жыл санап нығаюда.
ERNUR.KZ. Биыл Алматы облысы үшін басты міндет Мемлекет басшысының экономиканың 6%-дық өсімін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау болды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен 11 айдағы қысқа мерзімді экономикалық индикатор 109,1%-ды құрады, барлық негізгі салада оң динамика қамтамасыз етілді. Өңір экономикасының қарқынды дамуына мол инвестиция тарту оң әсер етті. Биыл облысқа 22,5% өсіммен 778 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Оның айтуынша, инвестициялардың ұлғаюымен қатар көрші елдермен ынтымақтастық та жыл санап нығаюда.
«Алматы облысында экспорт географиясының кеңеюі – аймақтың экономикалық дамуындағы маңызды жетістіктердің бірі. Бүгінде облыс 63 елге өнім экспорттаса, оның 90%-ын өңделген өнім құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда экспорт көлемі 565 млн доллардан 581 млн долларға өсті», – деді өңір басшысы.
Облыс әкімі бүгінде өсу нүктелерін қалыптастырып отырған облыс орталығы Қонаев және жаңадан құрылған Алатау қалаларының дамуына тоқталды.
Соңғы үш жылда Қонаев қаласының инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, 48 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары ауыстырылып, қасбеттері жөнделді, 61 шақырым инженерлік-жол инфрақұрылымы жаңартылып, 41 аула, қоғамдық бақтар мен спорт алаңдары абаттандырылды. Жалпы алаңы 133 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Оның айтарлықтай көлемін жеке құрылыс компаниялары жүзеге асырып, қаланың тартымдылығын арттыратын заманауи тұрғын үй кешендері бой көтерді. 900 орындық мектептің құрылысы аяқталды. Орталық саябақ пен Қапшағай көлінің жағажай аймақтары жаңғыртылып, өткізілген ірі халықаралық шаралардың арқасында туристер саны 6,5% өсті.
Келесі жылы әлемдік деңгейдегі төрт және бес жұлдызды брендтік екі қонақүйдің құрылысы басталмақ. Бұл туризм инфрақұрылымын халықаралық стандарттарға сай дамытуға септігін тигізеді. Қала бюджеті 2021 жылмен салыстырғанда 4 есеге өсіп, 37 млрд теңгеден асты.
«Жеке инвестициялар есебінен жалпы құны 75 млрд теңгеге 7 нысан іске қосылып, 612 жұмыс орны құрылды. Олардың ішінде ірілері: «Оспанова Девелопмент» балық өнеркәсібі кешені, «RUN Planet Organic» алма өңдеу және шырын өндіру цехы, «QAZAQ SMART ENERGO» генерациялау және 2,2 МВт су электр станциялары. Жалпы, Қонаев қаласын дамыту Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген Кешенді жоспардың аясында жүзеге асырылуда. Ол құжатта 187 іс-шара қарастырылған. 2023-2024 жылдары 124 нысанның жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Мемлекеттік сараптама аяқталған соң құрылыс жұмыстарын бастауға мүмкіндік болады», – деді спикер.
Биыл 9 қаңтарда Президент Жарлығымен облыста Алатау қаласы құрылып, мамыр айында қаланың Бас жоспары, қазан айында шекарасы бекітілді. Оның жан-жақты дамуына ықпал ету мақсатында Премьер-Министрдің орынбасары төрағалығымен Үкімет жанынан жобалық кеңсе құрылып, екі ай көлемінде өз қызметін атқаруда. Қала аумағында құрылған Арнайы «Алатау» экономикалық аймағы – көлемі жағынан әлемде алғашқы үштіктің қатарында кіретін Орталық Азиядағы ең ірі аймақ.
Алатауды заманауи қала ретінде дамыту үшін әкімдік Сингапур мен Қытай елдерінен кеңесшілерді тарта отырып, халықаралық тәжірибесіне сүйенуде. Бұл елдер қала құрылысы, инфрақұрылым, көлік жүйесі және «ақылды» технологиялар арқылы қаланы басқару саласындағы жетістіктерімен танымал.
Облыс орталығы мен Алатау қаласын кешенді дамыту Алматы агломерациясының көптеген мәселесін шешіп, әлеуетін ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Жалпы, агломерацияны дамыту үшін Алматы қаласы мен облыс әкімдіктері арасында Кеңес құрылып, 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспары іске асырылуда. Оның аясында 3,3 трлн теңгеге 130 іс-шараны жүзеге асыру көзделген. Бұл жобалар мегаполистен іскерлік белсенділікті қайта бөлуді ынталандырып, өңір үшін жаңа перспективалар ашады.
Былтырғы жылдан суару желілерін жаңғырту, Үлкен Алматы айналма жолына шығатын Тлендиев көшесінің құрылысы, жол және қоғамдық қауіпсіздікке бағытталған бірқатар жоба басталды. Бүгінгі таңда айналма жолдың бойына жалпы инвестиция көлемі 775 млн долларға жуық болатын бес халықаралық компания тартылды. Сонымен қатар 1200 жұмыс орнын құрумен 120 млн долларға «Алтын Таға» темір-бетон бұйымдары зауытының құрылысы бойынша отандық жоба жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымы кеңейе түспек.