"Осындай ойлар адамды өсірмейді, қайта өшіре береді екен"
Сурет: i.pinimg.com
"Осында көптен бері ішімді алай-дүлей еткен, жақында ғана шешімін тапқан бір мәселені бөліскім келіп отыр. Мүмкін, менің басымнан өткен жағдай біреуге ой салар" деген оқырман өз ойын ERNUR.KZ порталында жариялауды өтінді.
"33 жастамын. Мамандығым – киім дизайнері. Одан бөлек, жеке стилист болуға жететін талғамым мен білімім де бар. Бірақ, он жыл бойы өз мамандығыммен жұмыс істемедім. Сызбаларым өзіме ұнағанымен, «Басқаларға ұнамайтын шығар», «Жұрт осы үлгімен көйлек тіктіре қояды дейсің бе?» деген оймен ешкімге көрсетпейтін едім. Қиялымда туған образдар блокнотымның ішінде қалып қоя беретін. Киім эскизін ойластыру, стилін үйлестіру сияқтылар шаршағанда миымды тынықтыратын хобби есебінде ғана болды. Кейде біреулерге киімді үйлестіріп кию жөнінде кеңес бергім келіп кетеді де, артынша «Менің ақылымды қайтсін, өзіне ұнағанын киеді де» деп өзімді тағы тоқтатамын. Сөйтіп он жылдан астам уақыт мамандығымды, қабілетімді жұртқа қажетсіз, қызықсыз деп санап келдім.
Соңғы бірнеше жылда Инстаграм арқылы стилист қызметін ұсынып, аз уақытта клиент жинап, кәдімгідей кәсіпке айналдырып жатқан қыз-келіншектерді көріп жүрмін. Көз алдымда өсті солар. Менің де тура солар сияқты мансап жолын құруға қабілетім жетеді. Бірақ мына «Жұртқа керек пе өзі? Азғантай әнші-биші, танымал тұлғалардан басқа, қарапайым адамдар стилистің көмегімен киінбейтін шығар. Туысқандар көрсе, күледі-ау» деген сияқты ойлар.
Негізі осындай ойлар адамды өсірмейді, қайта өшіре береді екен. Оған көзім әбден жетті. Екі жыл бұрын миымдағы «Жұрт не дейді? Ұнай ма, ұнамай ма?» деген ойларды өшірген соң барып менің әрекет жасауға адымым ашылды. Инстаграм аккаунымда атымның жанына «styilst» деген сөзді қосып жазудың өзіне ұялып қанша жүрдім жесеңізші. Босқа кеткен есіл уақыт-ай.
Одан бөлек, парақшама кіргенде тайға таңба басқандай көрінетін етіп аты-жөнімді жазып, "КИІМ ДИЗАЙНЕРІ, ПЕРСОНАЛДЫ СТИЛИСТ" деп баттитып қойдым да, соның өзінен ыңғайсызданып, қайта-қайта кіріп, өшіріп тастағым келіп әлек болғанымды айтсаңызшы. Сондағы «Парақшамды дамытам деп ақша салып алып, бір де бір клиент келмесе, тіркелген таныстарым күледі» деген ой ғой «Өшір де өшір» деп тұрған. Ондайды айтпады емес, айтқандар болды.
Бірақ мен сол сәттерде де өзіммен іштей жұмыс жасап, «Жұрт не дейді деп жүре берсең, жерде қаласың, өспейсің. Ешкімнің сөзін елең қылма!» деп, назарымды дұрыс арнаға бұра білдім. Соның арқасында «Кім не деп қалар екен» деп қорқа-қорқа бастаған кәсібім қазір әжептәуір табыс әкелуде. Тұрақты клиенттерім бар, жаңасы да келіп жатыр, біртіндеп дамып келемін.
Жақында бір жағдай болды. «Жұмысым көбейді, тәжірибем артты, жан-жақта бәрі қымбаттап жатыр, мен де қызметімнің құнын көтергенім дұрыс шығар» деп жаңа прайс жасадым. Бірақ соны жариялай алмай біраз жүрдім.
Парақшаға салайын десем, көргендердің бәрі бірден «Ойбай, қымбат!» деп қашып кететін сияқты елестейді. «Бар клиенттен айрылып қалам ба» деген қорқыныш өзіме деген сенімімді сейілтіп жіберді. Бірде арнайы отырып, осы істі жаңадан бастаған кездегі ойларымды, әрекеттерімді – бәрін қайтадан електен өткіздім. Ол кезде де осындай қорқыныш болыпты. Бірақ мен қажет кезде көзімді жұмып, «Тәуекел!» деп аттай біліппін сол кедергіден. «Қазір неге жасамасқа?» дедім де, жаңа бағалар жазылған суретті жариялап кеп жібердім парақшама.
Сосын не болды дейсіз бе? Ештеңе! Аспан айналып жерге түскен жоқ. Клиенттер жан-жаққа тыпырлай қашқан жоқ. Жаңа бағамен де келісіп, жұмысымды жасап жатырмын.
Бәрін жіпке тізіп айтудағы мақсатым оқырмандарға мына ойды жеткізу:
- Өзгелердің ойын болжаумен емес, өз ісіңізбен айналысыңыз!
- Өміріңізді өзгелердің сөзімен емес, өз еркіңізбен басқарыңыз!
- Арман-мақсаттарыңыз өзгенікі емес, өзіңіздікі болсын!
- Біреудің пікірін тыңдау керек болса, ол кез келген көлденең көк атты емес, тек сол саланың кәсіби маманы болсын!
Осы қағидаларды берік ұстанбасаңыз, сіз үшін өз ойыңыздан көрі жұрттың ойы маңыздырақ болса, онда өспейсіз."


