Есте сақтауды 2-3 есе күшейтеді
Фото: bbc.co.uk
Сабақта не жиналыста отырғанда, қолыңызға қалам алып қағаздың шетіне толқындар, сандар, гүл, жұлдызшалар, үшбұрыштар мен шеңбер секілді кескіндер сызып тастайсыз ба? Немесе дәптердегі тор көздерді бояп, шимайлап кетесіз бе?
Бұны көрген адам сізді ойы басқа жақта, жалығып тыңдамай отыр деп ойлайды. Сіз де осы уақытқа дейін осылай ойлап келген шығарсыз? Ал психологтар керісінше, бұндай суреттер адам ойы тынышталып, зейін тұрақталғанда пайда болатынын айтады.
Психологияда бұндай сызба, бейнелерді “дудлинг” деп атайды. Бастапқыда бұл жай ғана шимай-шатпақ, босқа уақыт өткізу боп саналса, мамандар дудлингтің зейін мен есте сақтау қабілетін жақсартатынын зерттеген соң, шығармашылықта кеңінен тараған.
Нақтырақ айтсақ, дудлингтің зейінді сақтауға көмектесетіні 2009 ғылыми түрде дәлелденген. Психолог Джеки Андраде бір топ адамға диктофондағы ақпаратты тыңдап отырғанда дудлинг салдырады, ал екінші топқа тек тыңдатады. Нәтижесінде дудлинг салған топ тыңдалған ақпараттың 29% көп бөлігін есінде сақтап қалды. Бұдан кейін жүргізілген басқа зерттеулерде дудлингтің, яғни абстракт суреттердің мидың жады аймағын белсендіретінін, сондықтан да формулаларды, ережелерді, тарих даталарын, терминдерді жаттағанда жақсы көмектесетіні нанықтаған. Сондай-ақ адам белгілі бір мәселеде тығырыққа тірелгендеойды босататыныда дәлелденген. Сондықтан мәселені жаңа бұрыштан қарау үшін дизайнерлер, ғалымдар, жазушылар жиі дудлингке жүгінеді.
Осы орайда біз аттестацияға дайындалып жүрген педагогке, емтихан тапсыратын студентке, ҰБТ-ны ойлап уайымдап жүрген оқушыға есте сақтауды 2-3 есе арттыратын дудлинг әдісін ұсынамыз.
1-әдіс: Тест жауаптарын жаттағанда бір қолыңызбен қағазға кез келген сызба сызып отырыңыз. Қолға ерік беріңіз, қалаған суретін салсын.
Сөз+қол қимылы+визуалды белгі=үш арна бірден жұмыс істегенде формулалар, терминдер, даталар, тарихи оқиғалар, шығарма кейіпкерлері тез жатталады.
2-әдіс: Көлемді ақпаратты оқып жатқанда ойыңыз сан-саққа жүгіріп, не оқып жатқаныңызды түсінбей жатсаңыз, тоқтаңыз. Қалам алып, 5-7 минут қағазға шимайлаңыз. Дудлинг миға қысқа «демалыс» беріп, зейінді қайта қосады. Бұл медитация сияқты жылдам тыныштандырады.
3-әдіс: Кітапты оқы. Әр 20-30 минутта 1-2 минут дудлинг жаса. Ми сергіп, ақпарат бекиді. Тақырыпты аяқтаған соң араға бір сағат үзіліс жаса, сосын қағаздағы шимай-шатпақ суреттерге қарап отырып, мазмұндаңыз. Бұл ақпарат арасында байланыс орнатуды жеңілдетеді.
Дудлингтің жай шимайлау емес, ғылыми негізі бар, өте тиімді әдіс екеніне көз жеткізу үшін діл қазір қолданып көріңіз.
Ж. Смағұлова,
Тағы да оқыңыз:


