Қала 27 қауіпті техногендік плитаның қосындысында орналасқан.
ERNUR.KZ. Алматыда 9 балдық жер сілкінісі болса, тұрғын үйлердің 30% қирауы мүмкін. Бұл туралы Төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай болжам айтты, деп жазады ҚазаАпарат.
«Алматыда жер сілкінсе, қаланың 60-70 пайызы қирайтыны туралы пікірлермен келісесіз бе?», - деп сұрады журналист.
Вице-министр ресми болжам ондай емес екенін айтты.
«Иә, мен Алматының республикамыздағы ең бір сейсмикалық қауіпті өңірлердің бірі екені туралы пікрілермен келісемін. Қала 27 қауіпті техногендік плитаның қосындысында орналасқан. Бұл негізінен қаланың таулы аудандары. Өзгелеріне қарағанда барынша қауіпсіз аудан – Түріксіб ауданы. Қалған Медеу, бостандық аудандары, басқалары да плиталардың қосындысында орналасқан. Бұл орындарда қауіп айтарлықтай жоғары. Жер сілкінісі бола қалса, қаланың 60-70 пайызы қирандыға айналады деген пікірмен келісе алмаймын. Бірақ болжау деректері бойынша, 9 және одан да жоғары апаттық зілзала болған жағдайда тұрғын ғимараттары 30% дейін қирауы мүмкін. Осыдан-ақ қандай шығын келетінін есептеуге болады», - деді Ибрагим Күлшімбаев.