Сотталушы өз кінәсін мойындамады.
ERNUR.KZ. Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында адам өліміне әкелген жол апатына кінәлі деп айыпталған автобус жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қаралды, деп жазады inbusiness.kz.
Сот 2022 жылдың 8 қарашасында сағат 14:00 шамасында сотталушы А. Абылай хан көшесі бойымен оңтүстік бағытта № 98 автобусты басқара отырып, жол қозғалысы ережелерін елемей, бағдаршамның тыйым салынған қызыл шамына өтіп кеткенін анықтады. Салдарынан Төле би көшесімен келе жатқан №201 автобуспен соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан №98 автобустың жолаушылары құлап, жәбірленуші И. автобустың астына түсіп, алған дене жарақатынан көз жұмды. Ал, жәбірленуші К. денсаулығына ауыр зиян, жәбірленуші Ш.-ге орташа зиян келген.
Сотталушы А. өз кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады.
"Сот Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотталушы А.-ны кінәлі деп танып, оны 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түрінде қосымша жазаны тағайындады. Сотталушының жазасын жеңілдететін жағдай ретінде оның асырауында 3 кішкентай баланың болуы ескерілді", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, зардап шегушілер Ш.және К. пайдасына моральдық шығын ретінде әрқайсысына 2 млн теңгеден, Ш.-ның пайдасына 323 885 теңге өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.