Жанжал нәтижесінде салон ішіндегі жүргізші есігінің әйнегі сынған.
ERNUR.KZ. Алматыда қоғамдық көлік жүргізушісіне жолаушы шабуыл жасаған, деп жазады inform.kz.
Жанжал нәтижесінде салон ішіндегі жүргізші есігінің әйнегі сынған. Желідегі мәліметке сәйкес, оқиға №120 автобуста болған.
Алматы қаласының Полиция департаменті жүргізушіге шабуыл жасаған күдікті ұсталғанын хабарлады.
- Бұл дерек бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасы тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Құқық бұзушының жеке басы анықталып, қамауға алынды. Күдіктінің әрекетіне құқықтық баға берілетін болады, - деп хабарлады қалалық ПД баспасөз қызметінен.
Еске салайық, былтыр Алматыда №47 бағыттағы қоғамдық көліктің ішінде жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған еді. Салдарынан әйел есінен танып, көлікті басқара алмай, аялдамада тұрған бір топ адамды қаққан болатын. Аталған оқиғадан 7 адам зардап шегіп, 3 адам қайтыс болған.
Биыл сәуір айында 3 адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты сот үкімі шықты. Сот Дархан Ахметжановты 8 жылға бас бостандығынан айырды.