Алматыда биіктігі 6 метрден асатын көшеттер көп егілмек

0
126

Шаһар "Бақша қала" мәртебесін жандандыруға барынша жұмыс істеуді қолға алады.


Алматыда биіктігі 6 метрден асатын көшеттер көп егілмек

Фото: freepik

ERNUR.KZ. 2030 жылға дейін қалада 2,5 миллион жасыл желек отырғызу жоспарланған, деп жазады inbusiness.kz.

2023 жылдан бастап Алматыда 650 мыңға жуық ағаш пен бұта отырғызылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі хабарлады.

"Мемлекет басшысының "Алматы – бақша қала" мәртебесін жандандыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында 2030 жылға дейін 2,5 млн жасыл желек отырғызу бойынша "Жол картасы" бекітілді. 2025 жылдан бастап көшет егу кезінде Алматы әкімдігі ірі көлемді көшеттерді жаппай қолданатын болады. Осылайша, биіктігі 4 және 6 метрден асатын 27 мың көшет отырғызылады", – деді Ерболат Досаев.

Шаһарда жасыл желектерді қорғау және күту қағидаларымен суару жүйесін міндетті түрде жүргізу жөніндегі норма енгізіліп отыр.

"2 жыл ішінде 500 шақырым автоматтандырылған суару және тамшылатып суару желілері орнатылды. 2025 жылы тағы 290 шақырым осындай желілер орнатылады, бұл автоматтандырылған суару жүйесімен 1 миллион ағашқа дейін қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік береді", – деді әкім.

Жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану нәтижесінде жасыл желектерін отырғызу және күтіп-ұстау бойынша көшеттердің құлап түсуі 30%-дан 10%-ға дейін азайған.

Бұған дейін "Алматы – біздің ортақ үйіміз", "Алматы – бақша қала" секілді ауқымды акциялар өткізіліп келеді. Осының аясында барлығы 7 мыңнан астам жасыл желек отырғызылғаны белгілі болды.