Алматыда бір көшенің қиылысына заңсыз салынған сауда нүктелері мен кафелер сүріледі

0
674

Төле би мен Момышұлы көшелерінің қиылысында бірқатар сауда нүктесі, жазғы кафелер өз бетінше салынған.


Алматыда бір көшенің қиылысына заңсыз салынған сауда нүктелері мен кафелер сүріледі

ERNUR.KZ. Алматыдағы Төле би мен Бауыржан Момышұлы көшелерінің қиылысына салынған бірқатар нысан сүріледі. Әкімдікте ғимараттардың өз бетінше салынғаны айтылуда деп жазады stan.kz.

Қалалық әкімдік ақпаратына сүйенсек, Төле би мен Момышұлы көшелерінің қиылысында бірқатар сауда нүктесі, жазғы кафелер өз бетінше салынған. Ал жер телімі кәсіпкерге тек үш жыл мерзімге ғана жалға берілген екен. Енді сот шешімімен бұл құрылыстар толықтай сүрілмекші.

“Жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін кәсіпкер жер телімін мемлекеттік қорға қайтаруы керек еді, бірақ ол мұны өз еркімен жасаудан бас тартты. Сондықтан Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасы сотқа тиісті талап арызбен жүгінді”, – делінген әкімдік ақпаратында.

Нәтижесінде, 2021 жылғы 15 қыркүйекте мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот өз бетінше салынған нысандарды сүріп, учаскені жалпы пайдалануға қайтару туралы шешім қабылдады. Бұл шешімге апелляциялық сотта үшінші тарап наразылық білдірді. Осы талап-арыз 2021 жылғы 21 желтоқсанда Алматы қалалық сотының қарауынсыз қалдырылды және бірінші сатыдағы соттың шешімі ұзақ сот талқылауларынан кейін заңды күшіне енді.

Енді сот орындаушылары нысандарды бұзу күнін белгілеуі тиіс.