Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымы үйі ашылды

0
3 420

БҰҰ үйі қаланың іскер ауданында, Ботаника бағы мен «Атакент» көрме орталығына және негізгі магистральдарға жақын жерге орналасқан


Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымы үйі ашылды

ERNUR.KZ. Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымы үйінің тұсаукесері өтті. Жоғары халықаралық стандарттарға және қауіпсіздік талаптарына сай жасалған офистің ашылуына елшілік корпустарының және БҰҰ-ның 14 өңірлік офистерінің өкілдері қатысты, деп жазады zakon.kz.

Мегаполис әкімі Бауыржан Байбек Алматының тұрақты дамуды ұстанатынын атап өтті. «Қала адамдар үшін» концепциясы аясында қоғамдық кеңістік модернизациялануда, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдайлар жасалуда. БҰҰ-ның даму Бағдарламасына сай «Тұрақты көлік» жобасы жүзеге асуда.

«Алматыда 29 консулдық пен сауда өкілдіктері бар, сонымен қатар ірі трансұлттық компаниялардың 60-тан астам офистері орналасқан. Қазақстан – бейбітшілікті сүйетін әрі қауіпсіз ел. Мемлекет басшысының институционалды реформаларының арқасында тұрақты экономикалық өсім қамтамасыз етілген. Біз қаланы халықаралық ұйымдардың өңірлік хабына айналдыру үшін жүйелі жұмыстар жүргізудеміз. Бүгін ДДҰ Алматы декларациясына қол қойылғанына 40 жыл толуына арналған «Мэрлер саммитінің» өтуіне орайластырылған БҰҰ-ы жаңа үйінің тұсаукесері біздің ортақ ынтымағымыздың тарихына алтын әріптермен жазылатынына сенімдімін», - деді Бауыржан Байбек.

Өз кезегінде ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орта Азия елдері бойынша өңірлік директоры Афшан Хан Алматыдағы жаңа офистің өңірлік өкілдіктер қызметіне тың серпіліс беретінін және Қазақстанның өркендеуіне үлес қосатынын, ал Қазақстанның ББҰ одан әрі дамуына барынша ықпал ететінін атап өтті.

«БҰҰ Бас хатшысының атынан Қазақстанға, сыртқы істер министрлігіне, қала әкімшілігіне осындай игі шараларды жүзеге асырғандары және барлық өңірлерде тұрақты дамуды мақсат еткендері үшін алғыс айтамын. Бұл жаңа офис халықаралық ұйымдармен ғана емес, сонымен қатар елдің дарынды жастарымен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жаңа мүмкіндіктер береді», - деп атап өтті Афшан Хан.

БҰҰ үйі қаланың іскер ауданында, Ботаника бағы мен «Атакент» көрме орталығына және негізгі магистральдарға жақын жерге орналасқан. ББҰ-ның өкілдігі жаңа офиске биылғы жылдың аяғында көшеді деп күтілуде.