Алматыда Changan, Chery және Haval секілді қытайлық маркаларды шығаратын автозауыт ашылады

0
164

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинмен кездесті.


Алматыда Changan, Chery және Haval секілді қытайлық маркаларды шығаратын автозауыт ашылады

Фото: Алматы қаласы әкімдігі

ERNUR.KZ. Басқосуда өзекті мәселелер мен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктері талқыланды, деп жазады inbusiness.kz.

Сонымен қатар кездесуге ҚХР-дың Алматыдағы бас консулы Цзян Вэй де қатысты. Дархан Сатыбалды Алматы мен Қытай арасындағы өзара тиімді әріптестікті нығайтудың маңызын атап, әсіресе сауда, өнеркәсіп және инвестиция сынды басым салалардағы серіктестікке тоқталды.

"Достық қарым-қатынасымыздың арқасында Алматы мен Қытай арасындағы тауар айналымы дәстүрлі түрде жоғары деңгейде сақталып келеді. Қытайдың үлесіне Алматының жалпы сыртқы сауда айналымының 32,9%-ы тиесілі. Биыл қаңтар-мамыр айлары аралығында қала мен ҚХР арасындағы тауар айналымы 3,4 млрд АҚШ долларынан асты", – деді әкім.

Кездесуде өнеркәсіптік кооперация жайына де ерекше назар аударылды. Қала басшысы Алматыда автомобиль кластерін құру бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

"Бүгінде Алматының Индустриялық аймағында қытайлық серіктестердің қатысуымен ауқымды жоба жүзеге асырылып отыр. Changan, Chery және Haval маркаларындағы көпбрендті автозауыт іске қосылмақ. Кәсіпорын жылына 90 мың жеңіл автокөлік шығаруға қауқарлы. 2028 жылға қарай өндіріс көлемін жылына 220 мың автокөлікке дейін ұлғайту жоспарланып отыр", – деді шаһар басшысы.

Сонымен қатар әкім туристік және көлік байланыстарын кеңейтудің маңызды екенін атап өтті. Қазіргі таңда Алматы Бейжің, Үрімжі, Сиань, Ханчжоу, Санья, Гуанчжоу және Инин секілді Қытайдың ірі қалаларымен тікелей әуе рейстері арқылы байланысқан.

Жуырда China Eastern Airlines әуе компаниясының Шанхай-Алматы бағытындағы жаңа рейсі ашылды.

Өз кезегінде Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлин мырза екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.

"Мемлекеттеріміздің көшбасшыларының стратегиялық басшылығы аясында іскерлік ынтымақтастық тұрақты оң қарқын көрсетіп отыр. Былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымы 43,8 миллиард АҚШ долларына жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,8% артты. Жалпы алғанда, біз Қазақстанмен сауда, инвестиция, туризм, мәдениет және денсаулық сақтау салаларындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға дайынбыз", – деді елші.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар экономикалық және гуманитарлық байланысты одан әрі дамытуға бағытталған бастамаларды іске асыруға өзара дайын екенін растады