Алматыда қандала дәрісінен уланған әйел ауруханада қайтыс болды

0
2 696

Анасы мен ұлы аурухананың жансақтау бөліміне 1 желтоқсан күні түскен болатын.


Алматыда қандала дәрісінен уланған әйел ауруханада қайтыс болды

ERNUR.KZ. Алматыда 67 жасар әйел қайтыс болды, ол ұлымен бірге пәтеріне қандаланың көзін жоятын дәрі сепкен, кейін өздері соған уланып қалды, деп жазады ҚазАқпарат.

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қандала дәрісіне уланып қалған әйел ес жимастан көз жұмды.

«Кеше 18 желтоқсан күні 1952 жылы туған науқас ес жимастан қайтыс болды. Ол Алматы қалалық шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасына жәндік дәрісінен уланып түскен болатын. Осы уақыт ішінде ол ес-түссіз ауыр халде болды. Жүрегі тоқтап қалды. Дәрігерлер барлық реанимациялық шараларды өткізді, бірақ ажалдан арашалап қала алмады», - деп хабарлады басқармадан.

Еске салайық, анасы мен ұлы аурухананың жансақтау бөліміне 1 желтоқсан күні түсті. Оларға жәндіктерді өлтіретін құралдан улану диагнозы қойылған болатын.

12 желтоқсан күні 1987 жылғы ер адам ес жимастан көз жұмған еді. Дәрігерлердің қажетті медициналық көмегі толық көлемде көрсетілді, бірақ оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.