Алматыда қыз алып қашқан үш жігіт сотталды

0
927

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Алматыда қыз алып қашқан үш жігіт сотталды

ERNUR.KZ. Алматы қаласының №2 Жетісу аудандық сотында адам ұрлаған үш жігітке қатысты сот отырысы өтті, деп жазады ҚазАқпарат.

Сот мәліметіне сәйкес, биылғы тамыз айында түнгі уақытта үш жігіт туысқан сіңлісімен бірге серуендеп жүрген кәмелетке толмаған қыздың үйінің жанына келген. Біршама уақыт өткен соң ер азаматтардың бірі Б.-ның артқы жағынан келіп, аузын жауып, достарымен бірге көлікке отырғызған. Қалаға жетер жолда жасөспірім қыз қолдарынан сытылып, көліктен қашып шыға алған.

Сотта жігіттердің бірі қыздың соңынан оны алғаш дәмханада көрген – өткен жылдан бері бақылап жүргенін айтты. Сол кездесуден кейін қызды әлеуметтік желіде тауып алып, жиі жазып тұрған. Бірақ, жауап хаттар келмеген. Кейін үйлену үшін ұрлап қашуды шешкен.

Ол өз кінәсын мойындап, істеген ісіне өкінді. Кәмелетке толмаған қыз жігіттерге кешірім беріп, соттан бас бостандықтарынан айырмауды сұрады.

Сот ер азаматтардың үшеуіне де пробациялық бақылаумен жеті жылға бас бостандықтарын шектеу жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.