Алматыда LRT мен SkyTrain құрылысы басталады: Әкімдік қытайлық компаниялармен меморандумға қол қойды

0
172

Жұмыс сапарымен Бейжіңге барған Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Қытайдың жетекші көлік саласы компанияларының басшыларымен кездесу өткізді.


Алматыда LRT мен SkyTrain құрылысы басталады: Әкімдік қытайлық компаниялармен меморандумға қол қойды

ERNUR.KZ. Алматы әкімдігі Қытайдың ірі компанияларымен LRT және SkyTrain жобаларын жүзеге асыру бойынша келісімдерге қол қойды. Жобалар қаладағы көлік инфрақұрылымын жаңғыртып, қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыруға бағытталған, деп жазады stan.kz.

Жұмыс сапарымен Бейжіңге барған Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Қытайдың жетекші көлік саласы компанияларының басшыларымен кездесу өткізді. Кездесуге China Civil Engineering Construction Corporation (CCECC), CRRC Corporation Limited және басқа да ірі кәсіпорын өкілдері қатысты.

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, тараптар келіссөз барысында қаланың заманауи көлік инфрақұрылымын дамыту бағыттарын талқылады. Әсіресе LRT желісін салу, SkyTrain жүйесін енгізу және метро желісін кеңейту мәселелері негізгі назарда болды.

Келіссөз қорытындысы бойынша қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы, CRRC компаниясы және "Integra Construction KZ" ЖШС арасында LRT жобасын жүзеге асыру әрі жылжымалы құрам жеткізу жөнінде меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ Қытай компанияларының консорциумы мен "Integra Construction KZ" SkyTrain желісін жобалау және салу бойынша келісім жасасты.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл жобалар инвестиция тартуға, жаңа технологияларды енгізуге, жұмыс орындарын құруға және Алматыдағы көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Сапар аясында Алматы делегациясы CRRC Changchun Railway Vehicles зауытында болып, метро вагондары, жеңіл рельсті жүйе, монорельс және жоғары жылдамдықты пойыздарды өндіру мен құрастыру үдерісімен танысты.

Тараптар сонымен қатар қалалық көлікті дамыту саласындағы алдағы ынтымақтастықты жалғастыру мүмкіндіктерін талқылады.

Маусым айының басында Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктеріне және Самұрық-Қазына қорына SkyTrain желілерін қаланың шығыс және батыс бағыттарына дейін кеңейту жобасын 1 тамызға дейін толық әзірлеуді тапсырған болатын. Бұған дейін мемлекет басшысы Дархан Сатыбалдыға LRT және SkyTrain жобаларын жеделдету жөнінде тапсырма берген еді.

Алматы қалалық мәслихаты жақында 2026 жылға арналған нақтыланған бюджетті бекітті. Қосымша қарастырылған 253,5 миллиард теңгенің елеулі бөлігі қоғамдық көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Оның ішінде 92,7 миллиард теңге осы салаға бөлінсе, 61,4 миллиард теңге LRT құрылысына жұмсалмақ.

Ұзындығы 18,3 шақырым болатын LRT жобасының бірінші кезеңін 2027 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған. Сонымен бірге LRT құрылысына байланысты биыл аяқталуы тиіс болған Райымбек батыр даңғылындағы BRT жобасы уақытша тоқтатылып, Емцов көшесі мен Өтеген батыр көшесінің аралығындағы инфрақұрылым бөлшектеуге жіберіледі.