Тұрғындар дәрі-дәрмектерді қаладағы емханаларда орнатылған арнайы контейнерлерге (экобокстарға) тапсыра алады.
Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Тұрғындар дәрі-дәрмектерді қаладағы емханаларда орнатылған арнайы контейнерлерге (экобокстарға) тапсыра алады.
Акцияның мақсаты — қоршаған ортаға зиян келтіретін қауіпті заттардың топырақ пен су көздеріне таралуына жол бермеу, сондай-ақ медициналық препараттарды қауіпсіз түрде жоюды қамтамасыз ету.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жарамдылық мерзімі өткен дәрі-дәрмектер арнайы лицензиясы бар ұйымдар арқылы, соның ішінде жоғары температурада өртеу әдісімен жойылуға тиіс. Оларды тұрмыстық қалдықтармен бірге тастауға немесе кәріз жүйесіне төгуге қатаң тыйым салынады. Себебі мұндай әрекеттер қоршаған ортаның ластануына және антибиотиктерге төзімділіктің күшеюіне әкелуі мүмкін.
Акция аясында мынадай дәрі-дәрмектер қабылданады:
- таблетка, капсула, май, крем, гель, ампула, құты, шәрбат мен сұйық ерітінді.
Ал төмендегілер қабылданбайды:
- шприц, ине, система, мақта, бинт және қанмен жанасқан өзге де медициналық қалдық.
Дәрі-дәрмектерді тапсырар алдында оларды тығыз қаптамаға салып орау керек.
Қазіргі уақытта Алматыда қалалық емханаларда орнатылған 36 экобокс жұмыс істеп тұр. Акция "Таза Қазақстан" экологиялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.
Іс-шараны "Eco Almaty" ЖШС мен ECO Network экологиялық ұйымы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен бірлесе ұйымдастырады.
Акцияға қатысатын емханалардың тізімі қаланың экологиялық бастамаларының ресми парақшаларында жарияланған.


