Нысан жоба эскизінсіз салынған, сонымен қатар бекітілген бас жоспардан ауытқулар тіркелген.
ERNUR.KZ. Алматыда салынып жатқан әкімшілік орталық сот шешімімен бұзылады, деп жазады baq.kz.
Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметіне сәйкес Бостандық ауданында төрт қабатты әкімшілік ғимарат Экспериментальная көшесінің солтүстігі мен Ходжанов көшесінің шығысында заңды өрескел бұза отырып салынған.
Нысан жоба эскизінсіз салынған, сонымен қатар бекітілген бас жоспардан ауытқулар тіркелген. Қала құрылысын бақылау басқармасы және меншік иесі арасындағы сот процесі 2 жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді, - делінген таратылған ақпаратта.
2020 жылдың 6 наурызында талап арыз Бостандық аудандық сотына жіберілді. Сот ұйғарымымен талап арыз қанағаттандырылып, Алматы қалалық сотының 16.10.2020 жылғы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды.
2021 жылдың 13 мамырында мемлекеттік сот орындаушысы меншік иесіне сот шешімін ерікті түрде орындау туралы хабарлама жіберді. Алайда, бұл уақытқа дейін меншік иесі жер телімін басқа жеке тұлғаға сатып жіберген, осыған байланысты сот орындаушысы қаулыны орындаусыз қайтарған.
Өз кезегінде, Қала құрылысын бақылау басқармасы жер телімін сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап арызға бастамашы болды. 27.01.2022 жылы сот шешімімен мәміле жарамсыз деп танылды, Алматы қалалық сотының 2022 жылғы 27 сәуірдегі қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылды.
Атқару парағы Алматы қаласы Әділет департаментіне 2022 жылдың 05 мамырында жолданған. Нысанды бұзу 09.08.2022 жылға жоспарланған болатын. Алайда сот орындаушысының әрекетіне шағымдануын ескере отырып, бұзу жұмыстары жүргізілмеген.
Одан әрі жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты үшінші тұлға Алматы қалалық сотына бұзу туралы шешімге апелляциялық шағым түсірді. Алматы қалалық сотының шешімімен апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды. Бүгінгі күні орындау Алматы қаласы Әділет департаментінің өндірісінде, сот орындаушысымен нысанды бұзу мерзімі әлі белгіленбеген, - делінген хабарламада.