Олар 78 мың теңгеден айыппұл арқалады.
Фото: ЖИ
ERNUR.KZ. Алматыда жарнама ролигін түсіргісі келген кафенің үш қызметкері жазаға тартылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Олар қаланың қарбалас көшелерінің біріндегі жаяу жүргіншілер жолағына үстел қойып, жайғасқан. Осылайша адамдар мен жүргізушілерге кедергі келтірген.
«Олардың әрекеті көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіріп, ұсақ бұзақылық ретінде сараланды – қоршаған ортаға құрметсіздік таныту және қоғамдық тәртіпті бұзу (ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі). Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған іс бойынша үш құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындады», - делінген соттың хабарламасында.
Түсірілімге қатысқандар кінәсін мойындап, жасаған әрекеттеріне өкініш білдірді.
Сот ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі («ұсақ бұзақылық») бойынша әрқайсына 20 АЕК, шамамен 78 мың теңге көлемінде айыппұл салды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.


