Алматылықтар көліктен шықпай-ақ 10 минутта коронавирусқа тест тапсыра алады

0
837

Мобильді орталық таңғы 09.00-ден 16:00-ге дейін ашық. 18 медициналық қызметкер 3 ауысымда жұмыс істейтін болады.


Алматылықтар көліктен шықпай-ақ 10 минутта коронавирусқа тест тапсыра алады

ERNUR.KZ. Алматыда MPK CLINIC Корея емханасы Covid-19-ға тест тапсыруға болатын мобильді орталықты іске қосты, деп жазады ҚазАқпарат.

Мобильді орталық «Нұрлы тау» бизнес орталығы ғимаратында орналасқан. Бұл жерге автокөлікпен келуге болады. Биологиялық материал алу кезінде көліктен шықпай-ақ, терезе арқылы өтуге болады.

«ПТР тестін алу процесі 10 минут қана уақыт алады. Бұл талдауларды емхананың зертханасына жіберіледі. Тест нәтижесі 6 сағат ішінде белгілі болады. Қорытынды клиенттің электронды поштасына PDF форматта жіберіледі», - деді зертхананың меңгерушісі Ким Де Енг.

Мобильді орталық таңғы 09.00-ден 16:00-ге дейін ашық. 18 медициналық қызметкер 3 ауысымда жұмыс істейтін болады.

Тестілеуден өту үшін алдын ала mpk.kz сайтында тіркеуден өту шарт.

Тегі, аты-жөні, телефон нөмірі, ЖСН, тестілеуден өткен уақыты мен датасы жазылады.

Бір ПТР талдауының құны - 15 500 теңге.

«Бұл талдаудың ерекшелігі мобильді болғандықтан, көліктен түсудің қажеті жоқ. Ал бұл дезинфекцияға жұмсалатын қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Осы тәсіл Кореяда вирустың кеңінен таралуына кедергі болды», - дейді институт өкілі Ким Ли Хе.

Оның айтуынша, қазір Оңтүстік Кореяда осындай 86 мобильді пункт бар. Ол жерден тек жүргізушілер ғана емес, жаяу адамдар да өте алады.

«Осындай пункттердің ашылуы жасырын ошақтарды анықтап, дер кезінде санитарлық эпидемиологиялық шараларды қолға алуға мүмкіндік береді. Ал бұл болашақта эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға септігін тигізбек», - деді басқарма басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Оның айтуынша, қалада қазір 80 мыңнан астам адам тестілеуден өткен.