Сауалға жауап берген қала басшысы жобаның барлық тиісті сараптамадан өткенін баса айтты.
ERNUR.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов ЛРТ жобасының алдағы жұмыстарына қатысты пікірін білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдері қала әкіміне: «ЛРТ жобасы соңына дейін салынатындығын айттыңыз. Қатты аязға рельстер мен вагондар шыдай ма? Бетон бағандар ЛРТ салмағы мен жылдамдығына төзе ме?», - деп сұраған еді.
Сауалға жауап берген қала басшысы жобаның барлық тиісті сараптамадан өткенін баса айтты.
«Иә, қоғамның алаңдаушылық танытып жатқанын білеміз. Бұл дрыс та. Ол - сараптамадан өткен инженерлік құрылым. Жоба сарапшылары, құрылысшылар, инженерлерімен бірлесе әзірленіп, бәрі ескерілген. Бағандардың жүктемесі, ауа райы, бәрі қаперге алынған. Канаданың ауа райы дәл біздегідей. Ол жақта да ЛРТ бар және мамандарымыз барып көрді. Бұл сұрақты келісімшартқа қол қойған консорциумға, серіктестерге де қойдық», - деді әкім.
Оның атап өтуінше, бетон бағандар өте сапалы құйылған.
«Әрқайсысы шамамен 200-220 тоннаны құрайды, олар арматураланған, темір-бетонды. Бетон маркасы өте сапалы. Сапасын мамандар тексереді. Техикалық, авторлық қадағалау бар. Ол жерде бірнеше бақылау жүреді. Ең бастысы – бұл жобаны аяқтау», - деді Алтай Көлгінов.