Жол апаты салдарынан Арайлымның екі жасар қызы және зейнет жасындағы рейсейлік әйел қайтыс болған.
ERNUR.KZ. Түркияның Анталья қаласында қазақстандық журналист Арайлым Бағытжан 34 жасында жол апатынан қаза тапты, деп жазады tengritravel.kz.
Жол-көлік оқиғасы жексенбіде шамамен 16:00-де Д-400 тасжолында болған. "Сафари" жол талғамайтын көлігі Газипаша ауданында тағы бір көлікке соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Арайлымның екі жасар қызы және зейнет жасындағы рейсейлік әйел қайтыс болған. Тағы 17 адам түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
"Белгілі журналист, "Зейін Атырау" ерекше балаларды оңалту орталығының негізін қалаған Арайлым Бағытжан Антальяда ірі жол апатына түсіп, өмірден өтті. Әріптесімізбен бірге кішкентай сәбиі де о дүниелік болды. Жолдасы қиын жағдайда ауруханада жатыр. Қазіргі уақытта Түркиядағы Қазақстан елшілігімен арада келісімдер жүргізіліп, ауруханада қиын жағдайда жатқан бауырымыздың тиісті ем алуына жағдай жасалып жатыр. Марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтамын, - деп жазды Жасұлан Бисембиев.
Оның айтуынша, жерлестеріміздің сүйегін елге алдыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр екен.