Aqyltech және IT-Aiel жобалары: қазақстандықтарды цифрлық дағдылар мен ЖИ жаппай оқыту басталды

0
156

Жобалар қазақстандықтардың қаржылық және цифрлық құзыреттерін арттыруға, сондай-ақ отбасылық экономикада жасанды интеллектті қолдану бойынша оқытуға бағытталған.


Aqyltech және IT-Aiel жобалары: қазақстандықтарды цифрлық дағдылар мен ЖИ жаппай оқыту басталды

ERNUR.KZ. 2025 жылғы 10 маусымда АqylTech/ІТ-Aiel онлайн оқыту бағдарламаларына жастар мен әйелдерді тіркеу басталды. Жобалар қазақстандықтардың қаржылық және цифрлық құзыреттерін арттыруға, сондай-ақ отбасылық экономикада жасанды интеллектті қолдану бойынша оқытуға бағытталған. Бағдарламалар туралы ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, TechnoWomen КЕҰ басқарма төрағасы Азиза Шужеева ОКҚ алаңында айтып берді.

Бағдарламалар Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Astana Нub халықаралық технопаркінің қолдауымен іске асырылады.

«Біз бүгін AqylTech және IT-Aiel жобаларына тіркеуді бастаймыз және оны іске қосамыз. Бұл – жастардың, әйелдердің қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған онлайн-бағдарламалар. Бағдарламалардың мақсаты – цифрлық технологиялар, жасанды интеллект арқылы біздің өскелең ұрпақ пен әйелдердің қаржылық көрсеткіштерін жақсарту. Сондай-ақ бағдарлама промт-инжиниринг, чат-боттарды құру, ЖИ көмегімен графика сияқты жаңа цифрлық дағдыларды үйренуге мүмкіндік береді», – деді Азиза Шужеева.

Спикердің айтуынша, заманауи цифрлық платформалар, сондай-ақ жасанды интеллект қазақстандықтарға ақша табуға мүмкіндік береді. Жобалар шеңберінде киберқауіпсіздік және цифрлық гигиена негіздері бойынша оқыту ұйымдастырылады.

«AqylTech – бұл тікелей жастарға, әсіресе, ауыл жастарына бағытталған жаңа жоба. Біз ҚР МАМ Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен жастар ресурстық орталықтарымен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз және жастарды осы жобаға барынша тартқымыз келеді», – деді спикер.

IТ-Aiel бағдарламасы елімізде үшінші жыл іске асырылуда.

«Бүгін біз оларды жасанды интеллекті қолдануға үйрете бастаймыз, осылайша, әйелдер отбасымен қатар жұмысты да алып жүріп, ақша таба алады. Бүгінгі таңда бұл жобаға 5,5 мыңнан астам әйел қатысты. IT саласының мамандары емес, қарапайым әйелдердің бұл салада табысқа шыққаны жайлы жақсы кейстер мен мысалдар бар», – деп атап өтті Азиза Шужеева.

Оның айтуынша, AqylTech жобасы Қазақстанның барлық өңірін қамтиды. 10 мың адамды оқыту, сондай-ақ ауыл жастарын қаржылық сауаттылыққа үйрететін 100 жаттықтырушы даярлау жоспарлануда.