Фото: Время
ERNUR.KZ. Қазақстандағы мектептер мен колледждерге оқушылар туралы мәлімет жинақталған Ұлттық білім беру деректер базасына (ҰБДБ) негізделген OQU платформасын пайдалану ұсынылды. “Қазақтелеком” әр білім беру ұйымынан ай сайын 375 мың теңге (ҚҚС-сыз) төлеуді сұраған. Алайда базаны сүйемелдеу жұмыстары бұған дейін бюджет есебінен қаржыландырылып келген, деп жазады Stan.kz.
Басылым мәліметінше, “Қазақтелеком” елдегі барлық 20 әкімдікке хат жолдап, мектептер мен колледждерді Ұлттық білім беру платформасына қосуды ұсынған. Ұсынысқа қызмет бағасы көрсетілген құжат та тіркелген.
Платформада балалар туралы қандай деректер бар?
Ұлттық білім беру деректер базасы тек оқушылардың тізімімен шектелмейді. Ол 70-ке жуық мемлекеттік ақпараттық жүйемен байланыстырылған. Олардың арасында Бас прокуратура, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау органдарының деректері бар.
Базаға балалардың жеке фотосы, мекенжайы, телефон нөмірлері, туыстары туралы мәліметтер, екпелері, мүгедектігі, әлеуметтік көмегі және медициналық есепте тұруы туралы ақпарат енгізіледі. Сонымен қатар құқық қорғау органдары мен Қорғаныс министрлігіндегі кейбір деректер де қамтылған.
2025 жылы қаңтарда Ұлттық білім беру деректер базасы бес жыл мерзімге “Қазақтелекомның” сенімгерлік басқаруына берілген. Бұл конкурс өткізілмей жүзеге асқан. Компаниядан өтініш 9 қаңтарда түсіп, келісімшарт 24 қаңтарда жасалған.
Осы базаның негізінде OQU платформасы әзірленген. Енді компания оны деректер базасында оқушылары тіркелген мектептер мен колледждерге ақылы түрде ұсынбақ.
Қызмет құны қанша?
“Қазақтелеком” ұсынған тариф бойынша бір білім беру ұйымы ай сайын 375 мың теңге төлеуі керек. Бұл – жылына 4,5 миллион теңге. Қосылған құн салығы 16%-бен есептегенде, сома 5,2 миллион теңгеден асады. Бұған платформаны бастапқы қосу ақысы кірмейді.
Қазақстанда 8 048 мектеп пен 763 колледж бар. Егер олардың барлығы платформаға қосылса, компанияның жылдық түсімі Қосылған құн салығынсыз шамамен 39,6 миллиард теңге болады. Қосылған құн салығымен есептегенде бұл сома 46 миллиард теңгеге жуықтайды.
Басқару мерзімінің қалған үш жылында түсім 138 миллиард теңгеге жетуі мүмкін.
База жұмысы үшін бюджеттен ақша бөлінеді
“Қазақтелеком” ай сайынғы төлемге платформаны сүйемелдеу, деректерді сақтау және пайдаланушыларға қолдау көрсету қызметтері кіретінін көрсеткен.
Алайда Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық білім беру деректер базасын сүйемелдеу және техникалық қызмет көрсету “Талдау” АҚ-ға жүктелгенін хабарлаған. Бұл – министрлікке қарасты мемлекеттік компания. Оның жұмысы бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады.
Осыған байланысты басылым бір қызмет үшін мемлекет екі рет төлем жасауы мүмкін екенін алға тартқан.
Балалардың психологиялық жағдайын да платформа бақылайды
Платформа қызметтерінің қатарында суицид жасауды ойланып жүрген баланы бақылау, зорлық-зомбылық пен буллинг белгілерін анықтау жүйесі де бар. Компания мұны психологиялық диагностика және оқушылардың жағдайын бақылау құралы ретінде ұсынады.
Алайда мұндай қорытындыны кім жасайтыны, қандай әдістеме қолданылатыны және қате анықталған жағдайда баланың деректері қалай қорғалатыны туралы сұрақтар туындайды.
“Қазақтелеком” балалардың деректері ата-ана келісімімен өңделетінін мәлімдеген. Бірақ басылым ата-аналардан мұндай келісімнің алынған-алынбағанын нақтылауды қажет деп санайды.
Платформаның қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар бар
Басылым мәліметінше, OQU платформасын толық іске қосу 2025 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Ал оның ақпараттық қауіпсіздігін тексеру 2029 жылдың мамырына белгіленген. Соған қарамастан, 2026 жылдың жазында балаларды бірінші сыныпқа қабылдау кезінде платформа қолданылған.
Қазақстанның киберқауіпсіздік туралы заңнамасына сәйкес, мемлекеттік ақпараттық жүйелер тиісті қауіпсіздік сынақтарынан сәтті өткен соң ғана жұмыс істеуі керек.
Оған қоса, 2026 жылы 12 шілдеден бастап күшіне енген Цифрлық кодексте мемлекеттік ақпараттық жүйелерді дамыту үшін сенімгерлік басқаруға беру қарастырылмаған. Алайда мемлекеттік мүлік департаменті "Қазақтелекоммен" келісімшарт жаңа заң қабылданғанға дейін жасалғанын алға тартқан.
Ведомстволар қандай жауап берді?
Басылым бес мемлекеттік орган мен компанияға сауал жолдаған. Олардың қатарында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Астана қаласының мемлекеттік мүлік департаменті және “Қазақтелеком” бар.
Компания келісімшарт талаптарының құпия екенін айтып, оның алтыншы тармағына сілтеме жасаған. Сонымен қатар платформаға өз қаражатын салғанын мәлімдеген. Ал одан түсетін табыстың көлемін коммерциялық құпия деп атаған.
Басылым мектептердің платформаны пайдалануға міндетті екенін көрсететін Үкіметтің №769 қаулысы да ашық жарияланбағанын айтты.


