"Әр шаңырақта ырыс-ынтымақ болса, еліміз де қарқынды дамиды" - Тоқаев

0
134

Тоқаев қазақстандықтарды отбасы күнімен құттықтады​.


© Sputnik / Абзал Калиев

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды отбасы күнімен құттықтады, деп жазады ERNUR.KZ.
Президент өз құттықтауында отбасы күні бұл – ұлтымызды мейірім мен қамқорлық, өзара қолдау мен азаматтық жауапкершілік сияқты мызғымас құндылықтар аясында ұйыстыратын тамаша мереке екенін атап өтті.
"Отбасы – халқымыз үшін қасиетті ұғым. Әр адам, ең алдымен, өзінің қастерлі шаңырағында тұлға ретінде қалыптасады, үлгі-өнеге алып, нағыз азаматқа тән игі қасиеттерді бойына сіңіреді. Отбасында көрген тәлім-тәрбиенің арқасында елімізде отаншыл, еңбекқор, білімді және мәдениетті ұрпақ өсіп шығады", - деді Тоқаев.
Президенттің пікірінше, ел болып халқымыздың салт-дәстүрі мен қазіргі замандағы озық көзқарасы үйлесім тапқан отбасы құндылықтарын сақтап, оны нығайтып, жан-жақты насихаттауымыз керек.
"Жарық өмір сыйлаған ата-аналарымызға зор құрметпен қарау – қастерлі парыз. Әсіресе, аялы алақанымен, ақыл-парасатымен әрбір үйді шуаққа бөлейтін аналардың орны ерекше. "Ана – Жер-Ана" – адамзат өркениетінің өзегі. Асқар тау әкелеріміздің табанды еңбегі мен ерен ерлігіне бас иіп, қадір тұтуымыз керек", - деді президент.
Оның айтуынша, әр шаңырақта ырыс-ынтымақ болса, еліміз де қарқынды дамиды. Бұл – Әділетті және Қуатты Қазақстан құрудың аса маңызды шарты.