Нарзиеваның айтуынша, Асқар сағат 09:55-те түсірілім алаңына келіп бірден ашулы түрде оны тым ерте оятқанына шағымданған.
Фото: instagram.com/@askarzhumabeqov
ERNUR.KZ. Бұрын сотты болған актер Асқар Жұмабектің басы тағы да дауға қалды, деп жазады Stan.kz.
Актердің әріптесі Айнұр Нарзиева Threads желісінде 20 наурыз күні өзіне актер Асқар Жұмабектің шабуыл жасамақ болғанын айтып, видео жариялады. Жазба авторының айтуынша, сол күні сағат 10:00-ге түсірілім жоспарланған. Асқар Жұмабек әріптесінен өзін таңертең ерте оятуды сұраған көрінеді.
“Оны жақсы білетіндіктен, мен 08:30-дан бастап (менің міндетіме кірмесе де) телефон соғып, оята бастадым. Екі рет қоңырау шалдым, екінші ретінде көтерді де, оянғанын айтты. Содан кейін 09:18-де тексеру үшін тағы бір рет қоңырау шалдым, түсірілімге ұйықтап қалып, кешігіп қалмайтынына көз жеткізу үшін”, – дейді жазба авторы.
Нарзиеваның айтуынша, Асқар сағат 09:55-те түсірілім алаңына келіп бірден ашулы түрде оны тым ерте оятқанына шағымданған.
"Мен оған: “Бастамаңызшы, Асқар, мен сіз түсірілімді өткізіп ала ма деп қорықтым, бұл бірінші рет емес” деп жауап бердім. Осы сөздер оның қатты ашуын туғызып, әңгіме физикалық күш көрсетуге ұласып кетті", – дейді бойжеткен.
Сонымен қатар жазбада ер адамның агрессивті мінезін басқа команда мүшелері де растай алатыны айтылған. Айнұр Нарзиева жанындағы әріптестерінің арқасында актердің соққысынан аман қалғанын айтады.
Еске салсақ, актер Асқар Жұмабек Алматыдағы мейрамханада атақты олигархтар Бахарадин Әбләзімов пен Дінмұхамет Ыдырысовтың ұлдарымен төбелесіп, 6,5 жылға сотталған еді. Алайда актер бір жылдан соң мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Сот оның жазасының өтелмеген бөлігін жеңілірек жазаға ауыстырды. Осылайша оның айыппұлмен ауыстыру туралы өтінішін қарастырып, шешім қабылдаған.


