Аймақ билігі тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.
ERNUR.KZ. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының Қарағанды облысындағы металлургиялық комбинатының бір цехында 25 мамырда кешке апат болды, деп жазады Азаттық.
"3-ші және 4-ші дәрежедегі күйік" алған екі жұмысшы аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді, деп хабарлады аймақтағы денсаулық сақтау басқармасы.
— Конвертор цехындағы ерітілген шойын төгілген, бірақ өрт шықпаған. Қызған шойын 20 шаршы метрге төгілді. Күйіп қалған екі адам ауруханаға түсті, — деп хабарлады Қарағанды облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті.
"АрселорМиттал Теміртау" баспасөз қызметі өндіріс тоқтаған-тоқтамағанын айтпады.
Аймақ билігі тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлады. Комбинаттағы апат бірнеше адамның қатысуымен болған қайғылы оқиға деп сипатталды.
Теміртаудағы металлургиялық комбинатта мұндай апаттар жиі болып тұрады. Биыл наурызда "АрселорМиттал Теміртауға" тиесілі ЖЭЦ-2-де өрт шығып, екі жұмысшы күйіп қалған, солардың бірі қайтыс болған. Сол кезде де жергілікті билік апатты бірнеше адамның қатысуымен болған қайғылы оқиға деп сипаттаған.