Арыстағы төтенше жағдайға қатысты қозғалған қылмыстық іс ұзақ уақыт тергелуі мүмкін.
ERNUR.KZ. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Арыстағы оқ-дәрілердің жарылуы фактісіне сәйкес тергеу жұмыстарының барысы туралы айтылды. Бас әскери прокурордың орынбасары Дархан Ержанов қазіргі уақытта басты себеп анықталмағанын, дегенмен төтенше жағдай жұмыстағы салғырттықтан болуы мүмкін екенін алға тартты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Тергеу Бас прокуратураның бақылауында тұр – ол Қылмыстық кодекстің 462-бабы 3-бөлімі бойынша жүргізілуде.
Айналасындағыларға жоғары қауіп төндіретін, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан қаруды, оқ – дәрілерді, радиоактивті материалдарды, жарылғыш немесе өзге де заттарды ұстау ережелерін бұзғаны үшін-5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Прокуратура өкілдері барлық жағдайды анықтау үшін әскери қызметкерлер мен азаматтық адамдардан жауап алу керек екенін айтуда. Қазіргі уақытта 100-ден астам адамнан жауап алыныпты.
"Қазіргі уақытта барлық нұсқалар пысықталуда. Бұл өрт қауіпсіздігін сақтамаудан Арыстағы төтенше жағдайға әкеліп соқтырған салғырттық әрекеттерге дейін болуы мүмкін", - деді Ержанов.
Сондай – ақ, тергеу барысында бюджет ақшасы қоймалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиімді пайдаланылғанын тексереді.
Бас прокуратура жалған ақпарат таратқан барлық кінәлілерді жауапқа тартатынын ескертті.