Әскерге кімдер шақырылмайды - Қорғаныс министрлігі жауап берді

0
574

Азаматтық әуе кемелерінің ұшу экипажының мүшелеріне, тиісті білімі бар азаматтық авиация инженерлері, механиктері және техниктеріне, сондай-ақ құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқандарға қатысты әскерге шақыруды кейінге қалдыру тәртібі қарастырылған.


Әскерге кімдер шақырылмайды - Қорғаныс министрлігі жауап берді

ERNUR.KZ. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қорғаныс министрлігі өкілі қай санаттағы адамдар әскери қызметтен босатылуы мүмкін екенін және әскер қатарына шақырылмайтынын түсіндірді, деп жазады stan.kz.

“Әскерге шақыру заңына сәйкес отбасылық жағдайына байланысты, денсаулығына немесе шетелге шығып, оқуын жалғастыруына байланысты әскерден уақытша босатылады.

Денсаулығына байланысты кінәраты болып, медициналық сараптама нәтижесі оны растаса, соған сәйкес шешім қабылданады” – деді әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс басқармасының бастығы, полковник Фархат Айдарбаев.

Оның айтуынша, кей азаматтар медициналық тексеріс кезінде қандай да бір дерті бар екенін жасырып қалады.

“Әскерге келгеннен кейін шақырылған азаматтардың арасында өзінің созылмалы немесе басқа да аурулары бар екенін жасырып қалғандықтан кей аурулар үдеп кетуі мүмкін. Себебі бейімделу кезеңі деген бар. Біз сарбазды түскен күнінен бастап медициналық тексерістен өткіземіз. Егер ауруы анықталса әскери шақырылым болатын кезде олардың орнын ауыстырамыз”, – деді ведомства өкілі.

Сонымен қатар, алдын ала тергеу амалдарына тартылған немесе қылмыстық iсін сот қарап жатқан адамдар жауынгерлік жиындарға шақыртылмайды.

Бұдан бөлек, азаматтық әуе кемелерінің ұшу экипажының мүшелеріне, тиісті білімі бар азаматтық авиация инженерлері, механиктері және техниктеріне, сондай-ақ құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқандарға қатысты әскерге шақыруды кейінге қалдыру тәртібі қарастырылған.