Астана әкімдігі балконы «қисайған» көпқабатты үй туралы пікір білдірді

0
956

«Орбита» тұрғын үй кешені пәтерлердің бірінде балкон орнынан «жылжып» кетіп, еден дірілдеген.


Астана әкімдігі балконы «қисайған» көпқабатты үй туралы пікір білдірді

ERNUR.KZ. Елордада балконы қисайған тұрғын үй ресми түрде пайдалануға берілмеген және оған тұрғындарды заңсыз орналастырған. Бұл туралы елордалық қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Досқұлов айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Орбита» тұрғын үй кешені проблемалық нысан саналады, оны «Тамыз инвест групп» АҚ тұрғызған. Бұл ұйымның басшылары ҚР ІІМ жүргізген қылмыстық іс бойынша 11 жылға бас бостандығынан айырылған», - деді Д. Досқұлов қалалық әкімдікте берген сұхбатында.

Оның айтуынша, үй пайдалануға берілмесе де, үй салушылар 6 жыл бұрын тұрғындарды заңсыз орналастырған.

«Әкімдіктің үлескерлер мәселесін шешу бойынша шаралар жоспары бар. Оның аясында үйдің конструкциясыны нығайту, қасбетін ауыстыру және ресми түрде пайдалануға беру көзделген», - деді Дәулет Досқұлов.

Еске сала кетсек, «Орбита» тұрғын үй кешені пәтерлердің бірінде балкон орнынан «жылжып» кетіп, еден дірілдеген. Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, олар проблемалы тұрғын үй туралы біледі. Қазіргі уақытта ол жақта техникалық тексеру жүргізіліп жатыр, одан кейін үйдің апаттық деңгейі анықталады.