​Астана – Атырау бағытына жаңа Stadler вагондары шығарылады

0
145

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушылар вагондары паркін жаңарту жұмыстарын жалғастыруда.


​Астана – Атырау бағытына жаңа Stadler вагондары шығарылады

фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі

ERNUR.KZ. №47/48 «Нұрлы жол – Атырау» бағыты бойынша қолданыстағы стандартты вагондардың орнына отандық өндірістен шыққан жаңа Stadler вагондары жолға шығады, деп хабарлайды «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.

Жаңартылған құрам алғашқы сапарына 2026 жылғы 23 қарашада «Нұрлы жол» вокзалынан аттанады. Пойыз күнара жүреді. Ал Атыраудан Нұрлы жол бағытына пойыздың рейсі 25 қарашаға жоспарланған.

Пойыз құрамында 9 жолаушылар вагоны болады. Купе вагондарында 40, плацкарт вагондарында 56 жолаушыға арналған орын бар. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін вагондар климатты реттеу жүйесімен, жеке жарықтандыру шамдарымен, 220 В розеткаларымен, бейнебақылау жүйесімен және жүк орналастыруға арналған орындармен жабдықталған. Сондай-ақ, буфет қарастырылған. Арнайы қажеттілігі бар жолаушылардың сапарға шығуына да қажетті жағдай жасалған.

Бағытта әйел жолаушыларға арналған арнайы вагон қызметі сақталады. Ол №4 вагонға орналастырылады. Бұл вагонға билеттер тек әйелдерге сатылады. Алайда 7 жасқа дейінгі ұл балалардың жол жүруіне рұқсат етілген.

Жаңа вагондардың жолға шығуы жолаушылар вагондары паркін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстарының жалғасы. Бұл шара жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға және сапар кезінде қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

№47/48 «Нұрлы жол – Атырау» пойызына билеттерді bilet.railways.kz сайтынан және теміржол вокзалдарындағы кассалардан сатып алуға болады.