Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысына 8 отбасы, барлығы 29 қандас қоныс аударды.
Шымкент қаласында 2026 жылғы 16 ақпаннан бастап ҚР Үкіметінің шешімімен қандас мәртебесін беруді тоқтату туралы пилоттық жоба іске қосылды.
Жобаға дейін мәртебе алған қандастар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылуда.
«Еңбек нарығы» ақпараттық жүйесінің мәліметінше, 66 қандас жұмыспен қамту шараларына жүгінген. Оның 52-сі белсенді бағдарламаларға қатысуда. Атап айтқанда, 16 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 14 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, 13-і сертификат алды. Сонымен қатар, 2 адам «Жастар практикасына» жолданып, 16 адам Skills Enbek платформасында онлайн оқудан өтті, 3 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қатысып, 1 адам «Күміс жас» жобасы арқылы жұмысқа орналасты.
Бұдан бөлек, азаматтық алмаған 100-ден астам қандасқа солтүстік өңірлерге қоныс аудару мүмкіндіктері түсіндіріліп, Мансап орталықтарында ақпараттық кездесулер өткізілді.
Сондай-ақ, 16 ақпаннан бастап қандастарға мәртебе беру және шетелдіктерге тұрақты тұруға рұқсат беру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Ол 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін Абай, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылады.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысына 8 отбасы, барлығы 29 қандас қоныс аударды. Оларға отбасының әр мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде біржолғы көшу субсидиясы, үй жалдау мен коммуналды қызметтер шығындарын өтеу үшін 12 ай бойы ай сайын субсидия беріледі.
Бұдан бөлек, жұмысқа орналастыру, кәсіптік оқыту және микрокредит беру шаралары қарастырылған. Қандастар мен қоныс аударушыларға үй сатып алу үшін оның құнының 50 пайызы мөлшерінде, бірақ 1 625 АЕК-тен (7 028 125 теңге) аспайтын экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі.
Аталған қолдаулар қандастардың әлеуметтік бейімделуіне, жұмыспен қамтылуына және өңірлерге қоныстануына бағытталған.


