​Астана тұрғыны оқушы ұлын аязда автобустан түсіріп кеткенін айтты

0
1 284

Төртінші сынып оқушысын 20 градус аязда далада қалдырып кеткен кондуктор нені негізге алды?


​Астана тұрғыны оқушы ұлын аязда автобустан түсіріп кеткенін айтты

ERNUR.KZ. Он жасар баланың анасы Астананың аязында ұлын автобустан түсіріп кеткенін мәлімдеді, деп жазады sputniknews.kz.

Ол оқиғаның мән-жайын әлеуметтік желіде баяндады. Әйелдің сөзіне қарағанда, бала №102 бағдардағы автобусқа мініп, жол ақысын төлемек болған. Алайда оқушының картасында ақша қалмаған болып шығады.

"Төртінші сынып оқушысын 20 градус аязда далада қалдырып кеткен кондуктор нені негізге алды? Абырой болғанда, баланың ұялы телефоны бар еді, ол маған қоңырау шалып, алып кет деді. Ал телефоны болмаса қайтер еді?" – деп ашуланды тұрғын.

Astana LRT баспасөз қызметі жазбаға жауап беріп, кондукторлар аязды күні балаларды түсіріп кетпеуі тиіс екенін атап өтті. Бұл туралы қосымша нұсқамада айтылған, деп хабарлады қоғаммен байланыс қызметінің жетекшісі Әлия Жарқымбекова.

Кондуктор парктің басшылығына баланың жеке көлік картасындағы мәліметтерді жіберіп, хабарласу үшін ата-ананың байланыс нөмірін сұратуы керек еді, деп нақтылады ол.

Компания бұл жазбадағы ақпарат әлі расталмағанын айта кетті. Автобустың бағдарын дұрыс көрсетпеген болуы мүмкін.

"№102 бағдары Ақжайық аумағынан өтпейді және бұл экспресс-бағдар болғандықтан онда кондуктор болмайды", — деп жазылған жазбаның астында.

Қазіргі таңда мән-жай анықталып жатыр.

Бұған дейін Astana LRT көлік картасынсыз жүрген балалар автобустан түсірілмейтінін мәлімдеген еді.