Өтінімдерді қабылдау 1 ақпаннан бастап сағат 9.00-ден 6 ақпанға дейін сағат 23.59-ға дейін электрондық түрде birge.astana.kz порталы арқылы жүзеге асырылады
ERNUR.KZ. 2024 жылдың 1-6 ақпан күндері аралығында Астанада «Елорда Жастары» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына қатысуға өтінім қабылдау басталады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бағдарлама «Отбасы банк» АҚ арқылы елордада бастапқы/қайталама нарықта өз пәтеріңізді сатып алуға мүмкіндік береді.
Банк барлығы 80 несие береді.
Бағдарламаның шарттары:
- қарыздың ең жоғары сомасы - 18 млн. теңге;
- бастапқы жарна - 10%;
- қарыз бойынша мөлшерлеме - жылдық 5% ;
- несиелеу мерзімі 25 жылға дейін.
Жалпы талаптар:
- өтінім беру кезінде 35 жасқа толмаған болуы керек;
- соңғы 1 жылда Астана қаласында тұрақты түрде мекенжайға тіркелген болуы керек;
- бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағы бойынша соңғы 5 (бес) жыл ішінде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің немесе меншік құқығымен тұрғын үйдің (ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігі, өтінішке енгізілетін отбасының басқа мүшелерімен бірлесіп ортақ үлестік меншік) болмауы;
- өтініш беру сәтіндегі қатысушының таңдалған саладағы ресми жұмыс өтілі соңғы бір жылдан кем емес;
- жинақталған сомасы 1.8 млн. теңгеден кем емес «Отбасы банкте» депозиттік шотының болуы;
- отбасының әрбір мүшесіне соңғы 6 ай үшін еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды есепке алмағанда) ең төменгі күнкөріс деңгейінің 6 еселенген шамасына дейінгі кірісінің болуы (260 442 тг.).