Астанада мұқабасы адам терісінен жасалған кітап зерттеліп жатыр

0
898

330 беттен тұратын кітаптың тек 10 беті ғана оқылған.


Астанада мұқабасы адам терісінен жасалған кітап зерттеліп жатыр

ERNUR.KZ. Мұқбасы адам терісіне жасалған көне латын қолжазбасы әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр. Қолжазба Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы сирек басылымдар мұражайына қойылған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Anadolu басылымының жазуынша, көне латын тіліндегі 330 беттен тұратын кітап 1532 жылы жазылған деген болжам бар, бірақ бүгінде кітаптың тек 10 беті ғана оқылған.

Ұлттық академиялық кітапхананың ғылым бөлімінің сарапшысы Мөлдір Төлепбай қолжазбаны 2014 жылы жеке коллекционерлердің бірі кітапхана қорына сыйға тартқанын, содан бері музей қорына қойылғанын айтады.

Оның айтуынша, кітап көптеген ғасыр бұрын кең таралған және қазір қолданылмайтын әдіспен түптелген.

«Бұл экспонатты тамашалауға келушілер көп болды. Кітаптың мұқабасы антроподермиялық, яғни адам терісінен түптеу әдісімен жасалған», - дейді Мөлдір Төлепбай.

Маман қолжазбаның мұқабасы еліміздің ғылыми зертханаларында сараптамадан өткенін атап өтті.

«Астанадағы Ұлттық медицина ғылымдары орталығының зертханасында зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қолжазбаның мұқабасында адамның арқа терісі пайдаланылған деген қорытынды жасалды», - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, қолжазбаның мазмұны әлі де жұмбақ болып отыр.

«Солтүстік Италияда Петрус Пуардус деген нотариусқа тиесілі болған қолжазба 1532 жылы көне латын тілінде жазылған. Жалпы кітап 330 беттен тұрады, бірақ қазір сарапшылар алғашқы 10 бетін ғана оқи алды», - деді ол.

Маман кітаптың алғашқы беттерін француз институтының мамандары жазып алғанын айтты.

«Оқылған мәліметтерге сәйкес, алғашқы беттерде кіріс және шығыс төлемдері, несиелер мен ипотекалық төлемдер туралы мәліметтер берілген, бірақ қолжазба әлі толық оқылған жоқ», - деді кітапхана қызметкері.

Қазақстанның Ұлттық академиялық кітапханасының қорында бүгінде 13 мыңға дейін сирек кездесетін кітап сақтаулы.