Астанада Назарбаев атындағы орталық ашылады

0
1 391

Отырысқа Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етеді


Астанада Назарбаев атындағы орталық ашылады

ERNUR.KZ. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығының кезекті отырысында Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығын қайта құру бастамасы көтерілді, деп жазады ҚазАқпарат.

ҚР Парламенті Сенатаның төрағасы, Хатшылық жетекшісі Қасым-Жомарт Тоқаев ертеңгі съездің декларациясына Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығын Назарбаев атындағы Діндер мен өркениеттер арасындағы диалог орталығы ретінде қайта құру мәселесін енгізуді ұсынды.

«Биыл Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне 15 жыл толып отыр. Осы уақыттың ішінде аталған форум адамзаттың өзекті әрі күрделі мәселелері шешудің тиімді алаңына айналды. II съезд кезінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығын іске қосқан болатын. Аталған орталықтың негізгі мақсаты - съездің барлық шешімдерін іске асыру. Біздіңше, осы іспетті институттардың рөлін күшейтетін кез келді. Сондықтан Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығын Назарбаев атындағы Діндер мен өркениеттер арасындағы диалог орталығы ретінде қайта құруды ұсынамыз.

Осы бастамамызға қолдау білдіресіз деп сенеміз. Шетелде осы саладағы орталықтар жақсы жұмыс істеп келеді. Нәтижесі де бар. Біз де осы тәжірибені кеңінен қолдануымыз қажет. Сол себепті Сіздер қарсы болмасаңыз, біз аталған ұсынысты ертеңгі съездің Деларациясына енгізейін деп отырмыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Хатшылық мүшелері аталған бастамаға қарсылық білдірген жоқ. Айта кетейік, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің II съезіндегі көтерген бастамаларын жүзеге асыруға қатысты жоспарына сәйкес құрылған болатын.

Орталық өз қызметін ҚР Әділет министрлігі Дін істері комитеті аясында бастады. Одан кейін ҚР Мәдениет министрлігінің Дін істері комитеті қарамағына берілді. Артынан комитет Дiн iстерi агенттiгi болып қайта құрылды. Бүгінде орталық ҚР Қоғамдық даму министрлігіне қарайды. Оның негізгі мақсаты - Қазақстанның мәдениетаралық және конфессияаралық сұхбат орталығы ретіндегі рөлін жаңа деңгейге көтеруге ықпал ету, Қазақстанның осы саладағы тәжірибесін халықаралық дәрежеде таныту. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті съезі 10-11 қазан аралығында өтеді. Съездің ашылуына Сербия президенті Александр Вучич пен ЕҚЫҰ Бас хатшысы Томас Гремингер қатысады.

Отырысқа Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етеді.