Оқиға бойынша автобус жүргізушісі дереу полиция шақырған.
ERNUR.KZ. Астанада №5 бағыттағы қоғамдық автобус ішінде бірнеше жасөспірім төтенше жағдайда қолданылатын балғаларды жұлып алып, оларды ұрламақ болған. Оқиғаны байқаған жүргізуші көлікті тоқтатып, әрекетті видеоға түсіре бастаған. Сол сәтте жасөспірімдердің бірі жүргізушінің бетіне газ баллонын шашып, оқиға орнынан қашуға тырысқан, деп жазады baq.kz.
Оқиға бойынша автобус жүргізушісі дереу полиция шақырған.
Астана қалалық Полиция департаментінің редакциямызға берген мәліметіне сүйенсек, жасөспірімдер қоғамдық көлікте қауіпсіздік құралдарын заңсыз әкетпек болған. Құқық бұзушылар ұсталып, олардың тұлғалары анықталды.
Автобус салонында болған топ қауіпсіздік балғасын ашып, алып кетпек болған. Жүргізуші оларды тоқтатпақ болғанда, бір жасөспірім оған қарсы бұрышты газ қолданған. Қазіргі таңда аталған факті бойынша тексеріс жүргізілуде, - деп хабарлады полиция департаменті.
Құқық қорғау органдары жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты «ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамауы» бойынша әкімшілік жауапкершілік қолданылғанын атап өтті.
Полиция қоғамдық көлікте тәртіпсіздікке жол берілмейтінін, азаматтардың қауіпсіздігі бірінші орында екенін ескертеді.


