Астанадағы гимнаст қыздарға қатысты дау: Министрлік мәлімдеме жасады

0
117

2026 жылдың 1 наурызынан бастап "Думан" кешенінде жаттығу өткізілмейді.


Астанадағы гимнаст қыздарға қатысты дау: Министрлік мәлімдеме жасады

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Астанада гимнаст қыздар жаттығу залынан айырылғаннан кейін, олардың жаттығуын жалғастыруға болатын кемінде 2 нысан бар. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

Әлеуметтік желіде жарияланған үндеуде гимнаст қыздардың ата-аналары "Думан" залынан шығарылғаннан кейін балаларға жаттығатын орын жоқ екенін айтқан. Олардың сөзінше, елордада талапқа сай келетін басқа ғимарат жоқ.

Министрлік жаттығуды жалғастыруға болатын екі нысанды атады:

  • "Сарыарқа" велотрегі (Астана Олимпиадалық даярлық орталығы) – түрлі спорт түрлері бойынша жаттығу өткізуге мүмкіндік беретін көпфункционалды спорт залдары бар;
  • Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы – заманауи спорт кешені, оқу-жаттығу сабақтарын өткізуге қойылатын талаптарға сай әмбебап залдар мен аренасы бар.

Министрлік мәліметінше, бұл нысандардың аумағы мен техникалық мүмкіндіктері жаттығу процесін ұйымдастыруға жеткілікті. Қажет болған жағдайда арнайы құрал-жабдықтармен жабдықтауға болады.

Алайда қазіргі сәтте гимнаст қыздарды нақты қайда орналастыру мәселесі шешілмеген. Комитет жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, спортшылардың жаттығу процесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, жеке "Izumrud" гимнастика мектебі мен №1 олимпиадалық резерв спорт мектебі бірнеше жыл бойы "Думан" спорт кешенінде жаттығып келген.

2025 жылдың шілде айында ғимаратты жаңа меншік иесі сатып алып, гимнаст қыздарға басқа орын іздеуді талап еткен. 2026 жылдың 1 наурызынан бастап "Думанда" жаттығу өткізілмейді. Осыған байланысты ата-аналар залды гимнаст қыздардың иелігінде қалдыруды сұрап, ашық үндеу жариялады.

Министрлік хабарлауынша, бұрынғы "Думан" қонақүй кешені орналасқан ғимарат жекеменшік нысанға жатады. 2025 жылдың шілдесінде бұл нысанды "Отбасы банк" акционерлік қоғамы орталық аппаратын орналастыру үшін сатып алған.

Меншік құқығы тіркелген сәттен бастап, мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету мәселелері азаматтық заңнама нормаларымен реттеледі және тек меншік иесінің құзыретіне жатады.

Сондықтан Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бұл нысанға қатысты шешім қабылдауға немесе оның функционалдық мақсатын өзгертуге құқығы жоқ. Қолданыстағы заңнама жеке меншік иесінің шаруашылық қызметіне тікелей араласуға мүмкіндік бермейді.

Сонымен бірге ведомство жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, спортшыларды балама жаттығу базасымен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып жатқанын мәлімдеді.