​Астаналық бөбектер еңбектеуден жарысқа түседі

0
1 499

Жарыста 1 орын алған сәбиге 1 жылға жететін жаялық беріледі.


​Астаналық бөбектер еңбектеуден жарысқа түседі

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтанда сәбилер арасында еңбектеуден байқау өтеді, деп жазады Елорда Инфо.

«Байқаудың мақсаты – сәбилерге мереке ұйымдастыру және жас отбасыларды қолдау. Біз бұған дейін де басқа бағыттағы байқаулар ұйымдастырып, елордадағы мамандандырылған балалар үйі мен Ақмола облысы Аршалы ауданындағы мүгедек балалар үйіне қайырымдылық қолдау көрсеттік. Сәбилер арасында еңбектеуден байқау бұған дейін Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларында ұйымдастырылды, ал Нұр-Сұлтанда алғаш рет өткелі тұр. Қазіргі уақытта байқауға қатысуға 200-ге жуық ата-ана баласын тіркеді, сенбіге дейін бұл көрсеткіш артады деп ойлаймын. Байқауда сәби өз бетімен белгілі арақашықтықты еңбектеу керек, кім бірінші келеді сол жеңімпаз. Еңбектеу кезінде әкесі немесе анасы баланың қасында болады», - дейді байқаудың ұйымдастырушысы Гүлнәр Құнанбаева.

Оның айтуынша, сәбилер еңбектеуден алдымен жалпылай сынға түсіп, соның ішінен ақтық сынға үздіктер іріктеліп алынады.

«Байқауға қатысу тегін, дегенмен белгілі ережелерді сақтау қажет. Алдымен сәби жасы 6-18 ай аралығында болу керек, яғни еңбектейтін сәбилер қатыса алады. Екіншіден ата-ана баласын алдын ала тіркеу қажет және баланың суреті мен туу туралы куәлігінің көшірмесі талап етіледі. Жарыста барлық балаларға сыйлық ұсынылатын болады», - дейді ол.

Байқау ұйымдастырушылары, жарыста 1 орын алған сәбиге 1 жылға жететін жаялық, 2 орынға 6 айға жететін жаялық және тиісінше 3 орын иесіне 3 ай уақытқа жететін жаялық сыйға тартады.

Байқау 23 қараша күні елордадағы «Алатау» спорт сарайында өтеді (сағат 10:00-ден тіркеу басталады, жарыс сағат 12:00-де басталады). Аталған шараға қатысты қосымша сұрақтарға жауапты +7(778)293-16-07 +7(702)105-27-80 ұялы телефондары арқылы білуге болады.