Астананың 5 мектебі мен 3 колледжі пилоттық режимде латын әліпбиіне көшіріледі.
ERNUR.KZ. Астананың 5 мектебі мен 3 колледжі пилоттық режимде латын әліпбиіне көшіріледі, деп жазады Елорда Инфо.
Елорданың білім беру саласындағы жаңашылдық туралы Астана қаласының Білім басқармасының басшысы Ануар Жанғозин дәстүрлі тамыз конференциясында мәлімдеді.
«Жаңа оқу жылында ата-аналардан түскен идеяны қолдай отырып, Астанада жаңашыл сыныптарды ашу көзделіп отыр. Жоба мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған. Негізгі идеясы орыс тілінде білім алатын сыныптарды кезең-кезеңмен мемлекеттік тілдегі сыныптарға айналдыру. Іс жүзінде бірінші сыныпқа келетін балалар сабақ барысында ақпаратты бастапқы қадамда 70 пайызын орыс тілінде, ал 30 пайызын қазақ тілінде оқитын болса, 5-сыныпқа барғанда оқыту тілі толығымен мемлекеттік тілге көшірілетін болады», - деді Ануар Жанғозин.
Оның айтуынша, мұндай жаңа оқу жаңашыл сыныптар Астана әкімінің тапсырмасының негізінде №60 мектеп-лицейі негізінде ашылады. Сондай-ақ қыздарға арналған «Білім инновация» лицейінде енгізілетін болады.
«Жалпы, Астана қаласы бірінші болып барлық пилоттық жобаларға қатысады. Біздің ұстаздар әрбір өзгерістер мен жаңашылдыққа тез бейімделеді. Осы жылы елордалық білім ордаларында жүзеге асырылатын бірнеше пилоттық жобалар бар. Мысалы, электрондық оқулықтарды пайдалану екі мектепке енгізіледі. Астананың 5 мектебі мен 3 колледжі пилоттық реижимде латын әліпбиіне көшіріледі», - деді ол.